«Нағашыма тиіп алды»: алматылық әйелдің әпкесіне деген өкпесі жүрегін ауыртады

«Нағашыма тиіп алды»: алматылық әйелдің әпкесіне деген өкпесі жүрегін ауыртады

Алматы қаласының тұрғыны Сая есімді келіншек өзінің туған әпкесінің әрекетін көпшілікпен бөлісіп, жан сырымен ERNUR.KZ порталына хабарласқан. Оның айтуынша, әпкесінің таңдауы тек отбасының емес, тұтас әулеттің намысына тиген ауыр жағдайға айналған.

«Біздің ата-бабаларымыз жеті атаға дейін қыз алыспаған. Ұрпақ саулығы мен қан тазалығын сақтау үшін алыстан жар іздеген. Ал қазір, өкінішке қарай, жақын туысқа үйлену секілді келеңсіз оқиғалар кездесіп жатыр. Солардың бірі – менің өз әпкем», – дейді Сая.

Ол көпбалалы, өнегелі отбасында өскенін, әке-шешесі қазақи тәрбие бергенін айтады. Алайда әпкесінің таңдауына қатысты күйініші ішіне сыймай жүрген көрінеді.

«Бір анадан туса да, адамдардың мінез-құлқы мен болмысы әртүрлі болады екен. Әпкем бір кезде өмірін тек оқуға, жұмысқа арнап, отбасын құруды кейінге қалдырды. Туған-туыс «жақсы еркек кездестірсең, тұрмыс құр» деп айтумен болды. Бірақ ол 35 жасқа келгенше ешқандай нақты шешім қабылдамады», – дейді келіншек.

Саяның айтуынша, әпкесі бір күні өздігінен бала көтеру үшін ЭКО жасататынын айтып, туыстарынан қаржылай көмек сұраған. Бәрі түсіністікпен қарап, ақша жинап берген. Бірнеше аптадан соң ол «жүктімін» деп сүйінші сұрапты.

Алайда күтпеген жағдай орын алды. Сая әпкесінің жұмыс орнына бара қалған кезінде, сұлулық салонының алдында әпкесі мен туған нағашысының ұлын (Нұрсұлтан есімді) бірге көріп қалады. Жақын қарым-қатынаста екенін анық байқаған.

«Ол көрініс мені есеңгіретіп тастады. Әпкемнің ішін сипап тұрған нағашымның ұлын көргенде не істерімді білмедім. Бұрыннан оны жақтыра бермейтін едім. Бұзақылықпен аты шыққан, мектепті әрең бітірген, түрмеден де қайтқан адам. Әпкем соның баласына қалай көңіл артты екен?», – деп налиды Сая.

Кейін бұл оқиғаны жақындарына өзі жеткізген. Анасының денсаулығы сыр беріп, қан қысымы көтерілген. Ағайын жиналып, бұл жағдайды шешуге тырысқанымен, әпкесінің аяғы ауыр болғандықтан, бәрі сабырға келуге мәжбүр болыпты.

Қазір әпкесі мен нағашысының ұлы бірге тұрып жатыр. Төрт жастағы қыздары бар. Нағашысы тұрақты жұмыс істемейді, ал әпкесі күнделікті сұлулық салонында тер төгіп, отбасын асырап жүр.

«Бұл жағдай менің де өміріме әсер етті. Күйеуім мен енем арасында сөзге ілігіп қалатын кездерім жиіледі. Ағайынның абыройына сызат түскенде, бәрімізге салқыны тиеді екен. Сондықтан әр адам өзінің шешімін тек жеке бастың емес, бүтін отбасының, қоғамның тұрғысынан да ойланғаны жөн», – дейді Сая.