«Адвокаттар сатып кетті»: Қаржаубай ұлы Шерзат ісіндегі жасырын шындықты ашып айтты

«Адвокаттар сатып кетті»: Қаржаубай ұлы Шерзат ісіндегі жасырын шындықты ашып айтты

фото: Dalanews.kz

Шерзат Полат ісі бойынша қоғамда қызу талқыланған сұрақтарға марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов жауап беріп, бұқаралық ақпарат құралдарына алғаш рет ашық сұхбат берді. Ол журналист Руслан Өтепбайдың YouTube арнасында сөйлеп, бұрынғы адвокаттардың әрекетін, тергеу барысындағы келеңсіздіктерді және Айтбек Амангелдімен қарым-қатынастың неге үзіліп кеткенін егжей-тегжейлі баяндады. Бұл туралы POLITICO.KZ порталы Skifnews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

"99-бап емес, 293-баппен сотталып жатқанын соңғы сәтте естідік"

Қаржаубай Нұрымовтың айтуынша, ең ауыр соққы — бұл істің ауыр қылмыс санатына жататын Қылмыстық кодекстің 99-бабымен емес, жеңілдеу саналатын 293-баппен қаралып жатқанын сотқа санаулы күн қалғанда ғана сырт адамнан естуі болды. Бұл жаңалық оған тікелей тергеу органынан емес, адвокат Мейірман Шекеевтен ғана жеткен.

«Мұндай маңызды өзгерісті бізден жасырып келді. Бұл – істің мәнін бұрмалау, әділетке қол сұғу», – дейді марқұмның әкесі.

"Айтбек біз ұсынған адвокаттарға тыйым салды"

Қаржаубайдың айтуынша, бастапқыда Айтбек Амангелдімен байланыс орнатқанда, оны шын көңілімен қайғыны бөлісуге келген азамат деп ойлаған. Алайда, кейіннен ол ұсынған заңгерлерді іске араластырмай, керісінше барлық материалдарға қолжетімділікті шектеген. Бұл әрекеттер шындықты жасыруға бағытталғандай көрінген.

«Айтбектің әрекеттерінен күдік туды. Өзімізбен тергеу материалдарын да бөліспеді. Бұл – үлкен әділетсіздік», – деді ол.

"Адвокаттар істен шығып кетті, істі Шекеевке сеніп тапсырдым"

Осыдан кейін Қаржаубай Айтбек пен оның командасынан толықтай бас тартып, барлық сенімді адвокат Мейірман Шекеевке жүктегенін айтты. Шекеев арқылы ғана шын мәніндегі процестердің кейбір тұстарынан хабардар бола алған.

«Бастапқыда қорғаушыларымыз шындықты қорғауға тиіс еді. Бірақ олар, өкінішке қарай, біздің емес, біреудің мүддесіне жұмыс істеді. Бізді сатып кетті», – деді ол ашынып.