"Ұлттық құрама сақадай-сай": бас бапкер қазақ боксшыларының Әлем кубогына дайындығын айтты

"Ұлттық құрама сақадай-сай": бас бапкер қазақ боксшыларының Әлем кубогына дайындығын айтты

фото: olympic.kz. Суретте: Абылайхан Жүсіпов

2025 жылдың 30 маусымы мен 7 шілдесі аралығында Астанада бокстан World Boxing ұйымының қолдауымен Әлем кубогының екінші кезеңі өтпек. Olympic.kz сайтына берген сұхбатында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов турнирге дайындық барысы мен алдағы жоспарлар туралы айтып берді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Біріккен жиын басталды

Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиыны 17 маусымда басталып, 29 маусымға дейін жалғасады. Астана қаласында өтіп жатқан жиынға 12 елден 71 спортшы қатысады деп жоспарланғанымен, әзірге толық құрамалар келіп үлгермеген. Қазіргі таңда АҚШ, Канада, Франция және Сербия командалары жаттығу жүргізіп жатыр. Жақын күндері Оңтүстік Корея, Аустралия және Әзірбайжан құрамалары да қосылады деп күтілуде.

«Таңертең әр құрама өз бетінше жаттығады, түстен кейін бірлескен жаттығулар өтеді. Біздің боксшылар үш оқу-жаттығу кезеңінен өтті. Қазіргідей маңызды жарыстың алдында дайындық өте жақсы, көңіл-күй жоғары», – дейді Қайрат Сәтжанов.

Алдын ала құрам белгілі болды

Бапкердің айтуынша, қазір жиынға ұлттық құраманың бірінші және екінші нөмірлі боксшылары қатысып жатыр. Бірақ жарысқа тек негізгі құрам ғана қатыса алады. Бастапқыда екі құраманы қатыстыру жоспары болғанымен, ұйымдастырушылардан тек бір командаға ғана рұқсат берілген.

Әзірге жарысқа қатысатын боксшылардың алдын ала тізімі мынадай:

  • 50 кг – Санжар Тәшкенбай
  • 55 кг – Махмұд Сабырхан
  • 60 кг – Серік Теміржанов
  • 65 кг – Ертуған Зейнуллинов
  • 70 кг – Абылайхан Жүсіпов
  • 75 кг – Сабыржан Аққалықов
  • 80 кг – Нұрбек Оралбай
  • 85 кг – Бекзад Нұрдәулетов
  • 90 кг – Сағындық Тоғамбай
  • +90 кг – Айбек Оралбай

Бір-екі салмақта өзгерістер болуы мүмкін, себебі әр салмаққа екі үміткер тіркелген.

Жеңіс – ұпай жинауға тікелей жол

Қазақстанда өтетін бұл жарыстың маңыздылығы өте жоғары. Турнирдің алғашқы кезеңі Бразилияда өтті, енді екінші кезең отандық жанкүйерлердің көз алдында өтеді. Бұл кезеңде:

  • 1-орын алған боксшы – 300 ұпай
  • 2-орын алған – 200 ұпай
  • 3-орын алған – 150 ұпай иеленеді

Сәтжановтың айтуынша, жарысқа әлемнің 30-дан астам елінен мықты боксшылар, оның ішінде Олимпиада жүлдегерлері мен әлем чемпиондары қатысады. Бұл жарыстың деңгейі мен бәсекелестігін арттыра түседі.

Жарыстан кейінгі жоспарлар

Әлем кубогы аяқталған соң, 9-16 шілде аралығында спортшылар денсаулығын қалпына келтіруге арналған арнайы жиынға қатысады. Ол қай қалада өтетіні әлі нақтыланбаған. Одан кейін 20 шілде мен 7 тамыз аралығында Алматыда жалпы дене дайындығына арналған кезең басталады.

Бұл жиын қыркүйек айында Англияның Ливерпуль қаласында өтетін әлем чемпионатына дайындықтың алғашқы бөлігі. Ал екінші кезең де Алматыда өтеді (14-26 тамыз), одан соң команда Англияға ұшып кетеді. Соңғы дайындық жұмыстары сол жақта жалғасады.