Тартысты финал: Абылайхан Жүсіпов Олимпиада чемпионы атанған өзбекпен кездеседі

Тартысты финал: Абылайхан Жүсіпов Олимпиада чемпионы атанған өзбекпен кездеседі

фото: kfb.kz. Суретте: Абылайхан Жүсіпов

Нидерландтың Эйндховен қаласында өтіп жатқан Eindhoven Box Cup халықаралық турнирінде Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары арасындағы тартысты финал күтілуде. Бұл туралы Sportinside.kz хабарлайды.

70 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан құрамасының көшбасшысы Абылайхан Жүсіпов өзбекстандық Асадхужа Муйдинхужаевпен алтын жүлде үшін шаршы алаңға шығады.

Финалға жолдама алу үшін Жүсіпов бельгиялық қарсыласы Анас Каддуриді бірауыздан шыққан төрешілер шешімімен жеңді. Ал Муйдинхужаев дәл осындай есеппен әзербайжандық Наби Искендеровты жарыс жолынан шығарды.

Айта кетейік, Абылайхан Жүсіпов – әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері және Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Өзбекстандық қарсыласы Асадхужа Муйдинхужаев – Париж Олимпиадасының (2024) чемпионы және 2023 жылғы әлем чемпионы. Екі елдің үздік боксшылары арасындағы жекпе-жек нағыз финалға лайық айқас болатыны сөзсіз.