Күйеуім басқа әйелмен жүр, бірақ мен енеме адал келін болып қалдым

Күйеуім басқа әйелмен жүр, бірақ мен енеме адал келін болып қалдым

Қырықтан асқан Гүлназ есімді келін өзінің жан-тебірентерлік оқиғасымен бөлісті. Үш баланың анасы күйеуінің опасыздығына, енесінің қиянатына қарамастан, аналық парызын да, келіндік міндетін де адал атқарып отыр.

«Он тоғыз жасымда тұрмысқа шықтым. Күйеуім мені алып қашты. Бірақ келген күні-ақ енемнің мені қабылдағысы келмегені білінді. «Баламмен ақылдаспай үйленген, қызды қайтарыңдар» деп біраз қарсылық білдірді. Ауыл ақсақалы араласып, батасын беріп, менің маңдайыма орамал тағылды. Осылайша келін атандым», – дейді Гүлназ.

Алайда үйдегі күндер оңай болмады. Енесі күнде бір сылтаумен келінінің мазасын алып, тіршілігінен мін іздейтін. Күйеуі келгенде бәрі тамаша сияқты көрініп, екіжүзділік танытатын. «Бәріне төздім, себебі отбасымды сақтағым келді», – дейді келін.

Бірақ тағдырдың ауыр сынағы бұл ғана емес еді. Жолдасы сырттан жылу іздеп, бөтен әйелге алданып, алаяқтық ісі үшін уақытша тергеуге алынған. Сол әйел оны құтқаруға көмектесем деп, отбасынан 2 миллион теңге алып, ақыры күйеуін түрмеден шығарып алғанымен, сол күні-ақ ол үйіне оралмады.

«Сол әйелге кетті. Ата-енем қиналды, атам жүрек талмасынан қайтыс болды. Ал енем мені ұрлық жасады деп айыптап, үйден қуып жіберді», – дейді Гүлназ.

Қаладан пана тапқан Гүлназ үш баласымен жаңа өмір бастағанымен, жүрегінің түбіндегі сағыныш пен өкпе басылмаған еді. Бір күні ауылдас келіннен бұрынғы енесінің инсульт алып, төсек тартып жатқанын естиді. «Сол сәтте жүрегім елжіреп кетті. Балаларымды ертіп, ауылға бардым. Енем азып кеткен. Мені көріп жылады, қолымды қысып кешірім сұрады», – дейді ол.

Қазір Гүлназ ауылда енесінің қасында. «Кейде ойланам – күйеуім басқа әйелмен жүр, мен оның анасын бағып отырмын. Бірақ мен – келінмін. Ақ орамал таққан күні серт бергенмін. Сол сертке адал болып қалғым келеді», – дейді.

Бұл оқиға – кешірімнің, сабыр мен адалдықтың шынайы бейнесі. Гүлназдың келіндік жолы – көптеген жанұяға үлгі боларлық.