фото: kursiv.media.
2025 жылдың 19 маусымында Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі Ержан Сәденов Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы әлеуметтік желіде тараған ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.
“Жалпы, Қаржаубай Нұрымовқа қатысты қазір қылмыстық іс жоқ”, – деді министр мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап бере отырып.
Министр сонымен қатар көпшіліктің назарын аударған марқұм Шерзат Полаттың Алматы облысындағы Азат ауылында орналасқан үйінің өртенуіне байланысты тергеу барысы жөнінде де мәлімет берді.
“Іспен арнайы прокурор айналысып жатыр. Онда тергеу шаралары қолға алынған. Тергеу шараларына қатысты пікір білдіре алмаймын. Ол қызу жүріп жатыр. Біздің бақылауымызда”, – деп нақтылады Ержан Сәденов.
Сондай-ақ ІІМ басшысы Шерзаттың туған ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың өз-өзіне қол жұмсауы бойынша да тергеу амалдары жүріп жатқанын растады.