фото: hcbarys.kz. Суретте: Андрей Шутов
Астаналық "Барыс" хоккей клубының және Қазақстан құрамасының қақпашысы Андрей Шутов жаттығулардағы және өмірдегі тілдік кедергілер туралы айтып, қазақ тілін меңгеруге ниетті екенін білдірді, деп Sportinside.kz тілшісі Tengri Sport сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
2024/2025 жылғы маусым басталар алдында Шутов Словакияның "Слован" клубына ауысып, бірнеше ай Еуропада ойнаған болатын. Спортшының айтуынша, жаңа ортада тіл ешқандай қиындық тудырмаған.
"Онда NHL-де ойнаған бапкер болды, ол америкалық және канадалық жігіттерге ағылшынша аударатын. Ал маған Патрик Рыбардың әкесі түсіндіріп отырды, ол орысша сөйлейді. Қорғаныс бойынша бапкер де орыс тілінде сөйлейді. Жалпы, ол жақта орысша білетіндер көп, сондықтан тіл жағынан ешқандай қиындық болған жоқ", – деді қақпашы.
Матч кезінде қорғаушылармен қалай сөйлесетіні жайлы да пікір білдірді:
"Ағылшынша сөйлестік. Матч алдында қорғаушылармен отырып, қолданатын сөздерді іріктеп алатынбыз: қандай сөз нені білдіреді – бәрін келісіп алатынбыз", – деді Шутов.
Айта кетейік, 2024 жылдың қарашасында Андрей Шутов "Барысқа" қайта оралып, командамен үш жылдық келісімшартқа қол қойды. Қазір ол қазақ тілін меңгеруді мақсат етіп отыр.
"Қазақ тілін үйрену керек. Тіпті еркін сөйлейтін деңгейге жеткізу қажет. Айтпақшы, егер қазақ тілінен жақсы репетитор білсеңіздер, маған міндетті түрде жазыңыздар", – деді Шутов.
27 жастағы қақпашы 2021 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасына тұрақты шақырылып келеді. Ол өзінің мансабында "Номад" құрамында Қазақстан чемпионы атанып, Универсиаданың қола жүлдегері және Азия ойындарының чемпионы болған.