фото: Tengrinews.kz
Ақтөбе облысының Байғанин ауданында Жарлы ауылында 17 маусым күні 9 жасар қыз бала тереңдігі 10 метр болатын ескі құдыққа құлап, оны құтқаруға ұмтылған 38 жастағы ауыл тұрғыны – Нұрбол Бердіғалиев қаза тапты. Бұл туралы Sportinside.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға қалай болды?
Оқиға жеке үйдің ауласында орналасқан, қолданылмайтын, қоқысқа толған құдықта орын алған. Құдықтың үсті шинамен және ағашпен жабылған екен. Қыз бала құрдастарымен ойнап жүргенде абайсызда құдыққа түсіп кеткен.
Көрші үйдің тұрғыны Нұрбол Бердіғалиев еш ойланбастан көмекке асығып, құдыққа түскен. Алайда газдың иісінен уланған ол қайта шыға алмай, қыз баламен бірге көз жұмды.
Бұл туралы Байғанин ауданының әкімі Айбек Купенов мәлімдеді:
"Бұл – бұрын екі отбасы қолданған ескі құдық. Қазір пайдаланылмайды, қоқыспен толып қалған. Қыз бала ойнап жүріп құлап кеткен. Нұрбол Бердіғалиев көмектеспек болып түсті, бірақ екеуі де уланған газдың әсерінен мерт болды", – деді әкім.
Көмек кеш жетті
Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жедел жәрдем келгенге дейін екеуі де көз жұмған. Ал полиция департаменті бұл жайт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Нұрбол Бердіғалиев кім еді?
Қайтыс болған Нұрбол Бердіғалиев – 6 баланың әкесі, еркін күрестен жаттықтырушы болған. 2017 жылдан бері Байғанин аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде қызмет еткен.
Ол облыстық және республикалық жарыстардың жеңімпаздарын тәрбиелеп, 20-дан астам оқушысына "Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат" атағын алуға жол ашқан. Ауыл тұрғындары оны еңбекқор, батыл әрі адамгершілігі мол азамат ретінде сипаттайды.
Бұрынғы ұқсас оқиғалар
Бұл – соңғы жылдары құдыққа байланысты тіркелген алғашқы оқиға емес:
- Екібастұзда мектепке бара жатқан екінші сынып оқушысы канализациялық құдыққа түсіп кеткен, оны үлкен сынып оқушылары байқап, құтқарып қалған.
- Астанада 13 жастағы Бақдәулет Өмірхан ашық тұрған құдыққа түсіп кетіп, үш күннен кейін денесі табылған еді.