фото: SN.kz
«Қалаулым» жобасы арқылы танылған блогер Зарина Сапардың тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы айыптауларына экс-күйеуі Айдос Игіліков жауап берді. Ол бұрынғы жұбайының айтқандарын жалған деп атап, өз шындығын жеткізді.
«Айына бір ертегі құрастырады»
Журналист Айдос Игіліковтің айтуынша, олар некеде ұзақ болмаған.
«Ауылда 3 күн, Алматыда 2 апта бірге тұрдық. Қазір мен отбасылы адаммын, екі ұлым бар. Бірақ ол 6 жылдан бері бірдеңе ойлап тауып отырады. Хикаялар құрастырып, статистикасы түссе, мені жазғыра бастайды. Қосановқа сенгендей, жұрт сеніп қалады», – деді ол.
Журналист экс-жұбайының психологиялық қолдауға мұқтаж екенін де меңзеді.
«Менен басқа шаруасы жоқ сияқты. Негізі оған жақындары психологиялық көмек көрсетсе жақсы болар еді», – дейді Игіліков.
Төсек тексерісі туралы
Зарина Сапар бұған дейін берген сұхбатында алғаш үйіне барған кезде енесі төсегін тексергенін, бұл жағдайды намыс көргенімен, кейін «абырой» деп бағалағанын айтқан.
«Мені алып қашып кеткен соң, Степной деген ауылында пәктігімді тексерді. Бастапқыда қатты намыстандым. Бірақ енем “жарайсың” дегенде, абыройым артқандай болды. Қазір ойласам, біреудің төсегін тексеру – ақымақтық», – деген еді блогер.
«Ата-анам – өте момын жандар»
Бұрынғы келінінің бұл мәлімдемесіне қатысты Айдос Игіліков өз ойын қысқа да нұсқа жеткізді:
«Беті аулақ! Құдай сақтасын. Ата-анам өте момын адамдар», – деді ол.