"Мына жерді сыпыр!": көше тазалаушыны қорлаған блогер қамауға алынды

"Мына жерді сыпыр!": көше тазалаушыны қорлаған блогер қамауға алынды

фото: Видеодан скриншот

Алматыда блогердің "әлеуметтік эксперимент" атымен жасаған әрекеті қоғамның ашу-ызасын туғызып, соңында қамауға әкелді.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада бір жігіт пен қыз көшеге қасақана қоқыс лақтырып, көше тазалап жүрген әйелді балағаттап, мазақ еткен сәті түсірілген. Олар:

«Мына жерді сыпыр!» – деп әйелді қорлап, бейәдеп сөздер айтып, кейін бұл бар болғаны “пранк” екенін айтып, кешірім сұраған.

Жәбірленушіге ақша ұсынғанымен, бұл әрекет көпшілікке ұнамай, желі қолданушылары блогердің әрекетін қатаң сынға алды. Қоғамда бұл жағдай үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желілерде "еңбек адамына құрмет қайда?" деген наразылықтар күшейді.

Полиция шұғыл әрекет етті

Алматы қаласының полицейлері дер кезінде әрекет етіп, видео кейіпкерлерінің кім екенін анықтады. Іс сотқа жолданды.

Алматы қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Т. есімді блогерге қатысты істі қарады. Сот отырысында:

  • Қоғамдық орынды қасақана ластағаны,
  • Қоғамдық тәртіпті бұзғаны,
  • Айналасындағыларға құрметсіздік көрсеткені дәлелденді.

Сот мәліметінше, Т. кінәсін толық мойындап, істің барлық деректерін растаған. Нәтижесінде:

Т. ҚР ӘҚБтК 434-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Айта кетейік, бұл сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.