«Нұрғанатты асылып қалды деді»: Шерзаттың әкесі Айтбек Амангелдімен неге байланысын үзгенін айтты

«Нұрғанатты асылып қалды деді»: Шерзаттың әкесі Айтбек Амангелдімен неге байланысын үзгенін айтты

фото: oinet.kz. Суретте: Қаржаубай Нұрымов пен Айтбек Амангелді

Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов сот үкімі шыққаннан кейін белгілі журналист Руслан Өтепбайға эксклюзивті сұхбат беріп, адвокат Айтбек Амангелдімен арадағы келіспеушіліктерді түсіндірді.

Қаржылық қиындық пен адвокат іздеу

Қайғылы оқиға болған сәтте отбасында қаржылық қиындықтар туындағанын айтқан Қаржаубай Нұрымов:

«Кәсіп тоқтап, ақшаны жинай алмадық. Достарымыз көмектесіп, адвокат іздеуді ұсынды. Талғардан ұсыныстар болды, бірақ сол жақтан адвокат алмағанды жөн санадым», – дейді.

Айтбек Амангелдімен байланыс қалай үзілді?

Айтуынша, Айтбек Амангелдіні қорғауға Қаржаубайдың туысы шақырған. Басында ол бұл көмекті қабыл алғанымен, кейіннен арадағы қарым-қатынас үзіле бастаған.

«Ол халыққа Нұрғанат Ғайыпбаевты өзі асылып қалды деп айтты. Бұл мәліметке еш негіз жоқ еді. Сол сөзіне туыстарым ренжіді. Содан кейін арадағы сенімге сызат түсті», – дейді Шерзаттың әкесі.

Басқа адвокаттарға кедергі келтіру

Қаржаубай Нұрымовтың айтуынша, Айтбек Амангелді іс бойынша тек өз командасы жұмыс істейді деп, өзге адвокаттардың қосылуына қарсы болған. Бұл жағдай кейінгі процестерге де кері әсер еткен.

Істі алған Мейірман Шекеев не дейді?

Қоғам белсендісі әрі заңгер Мейірман Шекеев бастапқыда жәбірленуші тарап тікелей өтініш жасамағандықтан іске араласпағанын айтты. Кейін Қаржаубай Нұрымов өзі хабарласып:

«Іс сізге аманат» деген сөзінен кейін іске кірістім. Бірақ бұл кезде негізгі іс "адам өлтіру" емес, тек "бұзақылық" бабымен қаралып жатқанын естігенде шок болдым», – деді Шекеев.