MMA

Федор Емельяненко UFC аңызын жекпе-жекке шақырды

Ахмет Қанатұлы
Федор Емельяненко UFC аңызын жекпе-жекке шақырды
Фото: Федор Емельяненко. Фото: Hans Gutknecht/MediaNews Group/The Los Angeles Daily News via Getty Images

Аралас жекпе-жек әлемінің әйгілі өкілі Федор Емельяненко UFC-дің бұрынғы чемпионы Рэнди Кутюрмен жекпе-жек өткізуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Ресейлік файтер бұл туралы Нью-Йоркте өткен Ki MMA промоушенінің таныстырылымында айтты.

Емельяненко әлі де жаттығуын жалғастырып жүргенін және лайықты ұсыныс түссе, қайта жекпе-жек өткізуге қарсы емес екенін жеткізді.

1Мен жаттығуды жалғастырып жүрмін. Егер жақсы әрі мәні бар ұсыныс түссе, неге жекпе-жек өткізбеске? Әлі де бәсекеге қабілеттімін. Рэнди маған файтер ретінде әлдеқайда қызықты. Егер ол дайын болса, мен де дайынмын1, – деді Емельяненко.

Рэнди Кутюр кім?

Рэнди Кутюр – UFC тарихындағы ең танымал спортшылардың бірі. Ол ауыр салмақта екі рет, жартылай ауыр салмақта бір рет ұйым чемпионы атанған.

Кутюр Тито Ортис, Чак Лидделл, Тим Сильвия, Марк Колман және Кевин Рэндлман секілді белгілі файтерлерді жеңген.

Сондай-ақ ол UFC тарихында екі түрлі салмақ дәрежесінде чемпиондық белбеу иеленген алғашқы спортшылардың бірі ретінде танылды.

Көптен күткен жекпе-жек

Емельяненко мен Кутюр арасындағы кездесу туралы әңгіме 2000-жылдардың ортасында-ақ басталған. Ол кезде екі спортшы да мансабының шарықтау кезеңінде болатын.

Емельяненко Pride ұйымында ауыр салмақта үстемдік етсе, Кутюр UFC-дің басты жұлдыздарының бірі саналды.

Тараптар арасында бірнеше рет келіссөз жүргенімен, келісімшарттық және ұйымдастырушылық мәселелерге байланысты жекпе-жек сол күйі өтпеді.

Енді Емельяненконың жаңа мәлімдемесінен кейін екі ардагер файтердің кездесуі туралы әңгіме қайта жанданды.

Ахмет Қанатұлы