Рыбакина Қазақстанға келеді, бірақ ұлттық құрама сапында ойнамайды

Бүгін, 17:10 / Ахмет Қанатұлы
Елена Рыбакина. Фото: Robert Prange/Getty Images

Әйелдер арасындағы жекелей сында әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина бір аптаға Қазақстанға келеді. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы хабарлады, деп жазады Sportinside.kz.

US Open турниріндегі тарихи жеңісінен кейін спортшы Астана мен Алматыда жас теннисшілерге арналған шеберлік сабақтарын өткізіп, жанкүйерлерімен кездеседі.

Сонымен қатар Рыбакина ахилл сіңіріндегі жарақатына байланысты медициналық тексеруден өтеді. Осы жарақаттың салдарынан ол бұған дейін Цинциннатиде өткен WTA-1000 турнирінің ширек финалындағы кездесуін аяқтай алмай, жарыстан шығып қалған еді.

Жарақат US Open кезінде де спортшыны мазалаған. Турнирдің соңғы матчтарын Рыбакина ауырсынуды басатын дәрілердің көмегімен өткізуге мәжбүр болған.

Ұлттық құрама сапында ойнамайды

Денсаулығына байланысты Елена Рыбакина 22-27 қыркүйек аралығында Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтетін Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңінде Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетпейді.

Бапкерлер штабының мәліметінше, теннисшінің емделуі мен толық қалпына келуіне кемінде екі апта қажет.

"Алдағы уақытта ол үшін басты басымдық – денсаулығын қалпына келтіру және толыққанды жаттығуға оралу", – деп мәлімдеді Қазақстан теннис федерациясы.

Словакия президенті Елена Рыбакинаға ерекше құрмет көрсетті

Тэгтер:

Елена Рыбакина Қазақстан Теннис