Бокс

"Шықпаса, белбеуді босатады": Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионына екі күн уақыт берді

Ахмет Қанатұлы
"Шықпаса, белбеуді босатады": Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионына екі күн уақыт берді
Фото: Жәнібек Әлімханұлы. Фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы екінші орта салмақтағы әлем чемпионы, британиялық Хамза Ширазға қатысты мәлімдеме жасады. Бұл екі боксшы арасындағы титулдық жекпе-жекті ұйымдастыру құқығына арналған саудадан кейін айтылды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Әлімханұлы Ширазға екі күн уақыт берді

Қазақстандық боксшы қарсыласының алдағы жекпе-жекке қатысты шешім қабылдауына екі күн берілгенін мәлімдеді.

"Оған екі күн берілді. Қандай шешім қабылдайтынын көрейік! Жекпе-жекке шықса – шығады, ал шықпаса – белбеуді босатады!" – деп жазды Әлімханұлы Instagram желісіндегі сторисінде.

Осылайша, Хамза Шираздың чемпиондық белбеуді қорғау үшін Жәнібекпен жұдырықтасатыны немесе титулынан бас тартатыны алдағы уақытта белгілі болмақ.

Шираз бен Әлімханұлы жекпе-жегінің шарттары анықталды

WBO ұйымының Хамза Шираз бен Жәнібек Әлімханұлы арасындағы кездесуді ұйымдастыру құқығына арналған саудасы Сан-Хуанда, Пуэрто-Рикода өтті.

Боксшылардың Queensberry Promotions және Top Rank промоутерлік компаниялары 10 қыркүйекте аяқталған келіссөздер мерзімі ішінде ортақ мәмілеге келе алмаған.

WBO ережесіне сәйкес, боксшылардың гонорарлары жекпе-жектің өтетін орнына байланысты бөлінеді. Егер кездесу Ұлыбританияда немесе бейтарап аумақта өтсе, Хамза Шираз жалпы сыйақының 75 пайызын, ал Жәнібек Әлімханұлы 25 пайызын алады. Ал жекпе-жек Қазақстанда ұйымдастырылса, гонорар тиісінше 80 және 20 пайыз мөлшерінде бөлінеді.

Сонымен қатар сауда қорытындысындағы қаржылық шарттар Шираздың командасын қанағаттандырмаған жағдайда, британиялық боксшы чемпиондық белбеуден бас тартуы мүмкін екені айтылған.

Жәнібек Әлімханұлының жаңа салмаққа өту жолы

Жәнібек Әлімханұлы бұған дейін орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы болған.

2025 жылдың соңында қазақстандық боксшы WBA чемпионы Эрисланди Ларамен кездесуге тиіс еді. Алайда Әлімханұлының допинг сынамасынан оң нәтиже анықталғаннан кейін жекпе-жек өтпей қалды. Осыдан кейін IBF оны чемпиондық белбеуінен айырды. Ал WBO боксшыны бір жылға шеттеткенімен, сол кезде чемпиондық титулын өзінде қалдырған.

Кейін Әлімханұлы екінші орта салмаққа ауысып, WBO белбеуін босатты. Бір айдан кейін ұйым қазақстандық боксшыны жаңа салмақ дәрежесіндегі чемпиондық атаққа міндетті үміткерлер қатарына енгізді.

Қыркүйек айының басында Жәнібек WBO рейтингінде екінші орта салмақ бойынша бірінші орынға көтерілді. Бұған дейін ол Сауль «Канело» Альварестен кейін екінші орында тұрған. Мексикалық боксшы WBC титулы үшін өтетін жекпе-жегіне байланысты WBO рейтингінен шығарылған.

Ахмет Қанатұлы