Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, белгілі қазақстандық боксшы Әділбек Ниязымбетов "Спортшылар кеңесі" қоғамдық бірлестігінің даму жөніндегі директоры болып тағайындалды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Жаңа қызметінде Әділбек Ниязымбетов ұйымның жобаларын дамытуға, өңірлік өкілдіктердің жұмысын жандандыруға және серіктестік бағыттарын кеңейтуге атсалысады.
Сонымен қатар оның міндеттерінің қатарында қазақстандық спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру, спорт саласындағы бастамаларды қолдау және ұйымның аймақтардағы қызметін күшейту бар.
Әділбек Ниязымбетов бұған дейін кәсіби қызметін спорт саласымен байланыстырған. Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін ол Маңғыстау облысының спорт жүйесінде басшылық қызметтер атқарды. 2021 жылы Шоқыр Бөлтекұлы атындағы Маңғыстау облыстық жоғары спорт жетістіктері мектебінің директоры болып тағайындалған еді.
Әділбек Ниязымбетов кім?
Әділбек Сәбитұлы Ниязымбетов 1989 жылғы 19 мамырда Өзбекстанның Нүкіс қаласында дүниеге келген. Спорттық жарыстарда Маңғыстау облысының атынан өнер көрсетті.
Қазақстандық боксшы 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғап, әлемдік деңгейде бірқатар ірі жетістікке жетті.
Ол 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында күміс медаль жеңіп алды. Төрт жылдан кейін Рио-де-Жанейродағы 2016 жылғы Олимпиадада да финалға дейін жетіп, екінші рет Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды.
Ниязымбетов әлем чемпионаттарында да екі рет күміс жүлдеге қол жеткізген. Ол 2011 жылы Бакуде және 2013 жылы Алматыда өткен әлем біріншіліктерінде екінші орын алды. 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарының чемпионы атанса, 2015 жылы Бангкокта Азия чемпионатын жеңіп алды.
Әділбек Ниязымбетов – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. 2012 жылы "Құрмет" орденімен, ал 2016 жылы II дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталған. Сондай-ақ ол 2016 жылғы "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының спорт номинациясы бойынша лауреаты.
"Әлем боксы тарихындағы ең ұлы есімдердің бірі": Головкин Еуропа чемпионатына келді