Футбол

Ұлттық құрамамен қош айтысқан Лионель Месси командаға қайта шақырылды

Ахмет Қанатұлы
Ұлттық құрамамен қош айтысқан Лионель Месси командаға қайта шақырылды
Фото: Лионель Месси. Фото: Hector Vivas - FIFA/Getty Images

Аргентина құрамасындағы мансабын аяқтағанын мәлімдеген Лионель Месси ұлттық команда жейдесін тағы бір рет киеді. 39 жастағы футболшы 6 қазанда Бенин құрамасына қарсы өтетін қоштасу матчына шақырылды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Аргентина футбол қауымдастығының президенті Клаудио Тапиа мен ұлттық құраманың бас бапкері Лионель Скалони футбол аңызына өз елінде арнайы қоштасу кешін ұйымдастыру туралы шешім қабылдаған.

Осыған байланысты Месси Аргентина құрамасының алдағы жолдастық кездесулерге арналған тізіміне енгізілді. Дегенмен оның алаңға шығуы 6 қазандағы Бенинге қарсы матчқа жоспарланған. Кездесу Буэнос-Айрестегі "Монументаль" стадионында өтеді. 

Клаудио Тапианың айтуынша, бұл ойын Мессиге ұлттық құрама сапындағы еңбегі үшін лайықты қоштасу ұйымдастыру мақсатында өткізіледі.

Сонымен қатар кездесуге 2022 жылы Қатарда әлем чемпионы атанған Аргентина құрамасының футболшылары отбасыларымен бірге шақырылған. Тапиа алдағы кездесуді Мессидің ұлттық құрамадағы "соңғы биі" деп сипаттады. 

Аргентина құрамасы 30 қыркүйекте Боливиямен, 3 қазанда Буркина-Фасомен, ал 6 қазанда Бенинмен жолдастық кездесу өткізеді. Соңғы матч Мессидің ұлттық құрамадағы ресми қоштасу ойыны болмақ.

Еске сала кетейік, Месси 31 тамызда Аргентина құрамасындағы мансабын аяқтайтынын жариялаған. Ол ұлттық командамен бірге 2022 жылғы әлем чемпионатын, 2021 және 2024 жылдардағы Америка кубогын және 2022 жылғы Финалиссиманы жеңіп алды. 

Ахмет Қанатұлы