Бекзат Алмахан шетелдік ММА лигасымен ресми келісімшартқа отырды

Бүгін, 10:13 / Ахмет Қанатұлы
Бекзат Алмахан. Фото: Chris Unger/Zuffa LLC

Қазақстандық ММА файтері Бекзат Алмахан Грузияның RKENA промоушенімен келісімшартқа отырды. Бұл туралы лиганың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Sportinside.kz.

"Қазақстанның үздік файтерлерінің бірі Бекзат Алмаханды RKENA отбасына қарсы алайық!" – делінген промоушеннің Instagram-дағы ресми парақшасында.

Бекзат Алмахан 13 тамызда келісімшартының аяқталуына байланысты UFC ростерінен ресми түрде шығарылған еді. Оның UFC-дегі жолы 2024 жылдың наурызында басталды. Сол кезде ол қысқа мерзімде ұсыныс қабылдап, жеңіліс көрмеген ресейлік Умар Нурмагомедовке қарсы октагонға шықты.

Бекзат алғашқы раундта қарсыласын нокдаунға түсіргенімен, жекпе-жек қорытындысында төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіліп қалды.

Қазақстандық спортшы UFC-дегі жалғыз жеңісін 2025 жылдың мамырында тіркеді. Ол канадалық Брэд Катонаны бірінші раундта нокаутқа түсірді.

Кейін Бекзат Алмахан 2025 жылдың қарашасында Александр Топуриядан, ал 2026 жылдың маусымында бразилиялық Жан Мацумотодан жеңілді.

Грузиялық RKENA ММА промоушені 2025 жылдың қазанында құрылған. Лига өз турнирлерін Тбилисидегі елдің басты жабық аренасы – Спорт сарайында өткізеді.

Қазіргі уақытқа дейін промоушен үш нөмірлік турнир ұйымдастырды: Rkena FC 1 – 2025 жылғы 29 қарашада, Rkena FC 2 – 2026 жылғы 14 наурызда және Rkena FC 3 – 2026 жылғы 16 мамырда өтті.

Бұған дейін Бекзат Алмахан ағылшын тілінде сөйлеп, көпшілікті таңғалдырған еді.

Тэгтер:

спорт жауынгер Бекзат Алмахан RKENA