41 жастағы Португалия құрамасы мен Сауд Арабиясының "Әл-Наср" клубының шабуылшысы Криштиану Роналду кәсіби мансабын аяқтауға жақын екенін айтты, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Футболшының сөзінше, биылғы жыл оның үлкен футболдағы соңғы жылы болуы ықтимал.
"Бұл менің футболдағы соңғы жылым болуы мүмкін. Артымнан үлкен мұра қалдырғым келеді. Алда атқаратын ісім өте көп. Футболдан кейін үлкен бос кеңістік пайда болуы мүмкін, сондықтан уақытыңды бір ғана нәрсемен емес, түрлі іспен толтыру қажет. Көбірек көңіл көтеріп, саяхаттап, өзім қатты ұнататын паделді көріп әрі ойнап, осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктерімнен ләззат алғым келеді. Өйткені бұл құрбандыққа толы 25 жыл болды", – деді Роналду.
Криштиану Роналду кәсіби мансабында "Спортинг", "Манчестер Юнайтед", "Реал Мадрид" және "Ювентус" клубтарының намысын қорғады. Қазір португалиялық жұлдыз "Әл-Наср" сапында өнер көрсетіп жүр.
Еске сала кетейік, Криштиану Роналду Сауд Арабиясының "Әл-Наср" клубымен келісімшартын 2027 жылға дейін ұзартқанын жазған едік.