"Алтынның ауылы алыс емес": Әбиба Әбужақынова тарихи жетістігін еселей түсетінін айтты

"Алтынның ауылы алыс емес": Әбиба Әбужақынова тарихи жетістігін еселей түсетінін айтты

фото: olympic.kz. Суретте: Әбиба Әбужақынова

Қазақстан әйелдер құрамасының үздігі Әбиба Әбужақынова 48 келіге дейінгі салмақта өткен әлем чемпионатында күміс медаль иеленіп, ел тарихындағы айтулы жетістікке қол жеткізді. Бұған дейін ол екі мәрте әлемдік додада қола медаль еншілесе, бұл жолы алғаш рет финалға дейін сүрінбей жетіп, қазақ қыздарының атын әлемге паш етті, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Байрақты бәсекеден кейін дзюдошы Olympic.kz порталына берген сұхбатында финалдағы шешуші сәттер мен алдағы жоспарларын бөлісті. Әбибаның сөзінше, жарыстағы ең ауыр қарсыласы – ақтық сындағы италиялық балуан болған.

«Финалға дейін дайындық жақсы өтті. Қарсыласымның әдіс-тәсілдерін алдын ала зерттеп, соған сай тактика құрдым. Бірақ белдесу кезінде күтпеген жерден сол әдіске түсіп қалып, қарсылас юко ұпайын еншіледі. Бұл – шешуші сәт болды. Уақыт та аз қалды, сондықтан тәуекелге барып, соңына дейін күрестім. Қолымнан келгенін жасадым», – дейді ол.

Күміс медаль жеңіп алғанына қарамастан, Әбиба өзінің басты мақсатына – әлем чемпионы атануға әлі де ұмтылатынын жеткізді. Ол бүкіл елдің қолдауын сезініп, жанкүйерлерге алғысын білдірді.

Қазіргі таңда спортшы жаттығудан үзіліс алып, толыққанды демалуды жоспарлап отыр. Шілде айының басында өтетін оқу-жаттығу жиынына тың күшпен оралмақ.

«Бұл кезеңде денемді қалпына келтіріп, жарақаттардың алдын алуға тырысамын. Жаттығуға тың серпінмен оралу үшін бұл демалыс өте маңызды», – дейді Әбиба.

Алдағы бірнеше айда дзюдошыны бірқатар маңызды халықаралық жарыстар, соның ішінде Grand Slam турнирлері күтіп тұр.

«Нақты қай жарысқа қатысатынымды бапкерлер шешеді. Бірақ мен өзімді толық дайындауға тырысамын. Техникалық және физикалық деңгейімді арттырып, өткен белдесулердегі кемшіліктермен жұмыс істеймін. Өйткені алтын алыс емес деп сенемін», – деп түйіндеді Әбиба Әбужақынова.