Қазақстан құрамасы World Boxing ұйымы өткізген бокстан Әлем кубогының алғашқы кезеңінде медальдар есебі бойынша үшінші орынға ие болды. Турнир Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өтті, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Жарыс қорытындысында қазақстандық боксшылар барлығы жеті жүлде жеңіп алды: үш алтын, бір күміс және үш қола медаль.
Турнирдің көшбасшысы Бразилия құрамасы болды – олар төрт алтын және бес күміс медаль еншіледі. Ал екінші орынға төрт алтын және бір қола медалі бар Қытай құрамасы жайғасты.
Қазақстан қоржынына алтын жүлдені Сұлтанбек Айбарұлы (85 кг), Виктория Графеева (60 кг) және Валерия Аксенова (80+ кг) салды.
Бұған дейін қазақстандық боксшы Саят Ілиясов Атырауда өткен Болат Теміровті еске алуға арналған 23 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы үшінші халықаралық турнирдің жеңімпазы атанған еді.