Британдық бокс сарапшысы Мэтт Робинсон Испанияның Ла-Нусия қаласында өткен Boxam Elite-2026 халықаралық турнирінің ең үздік 10 боксшысының тізімін жариялап, оған Қазақстан ерлер құрамасының өкілдері Төрехан Сабырхан мен Махмұд Сабырханды қосты, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Сарапшының айтуынша, бұл рейтинг алтын жүлде иегерлерінің тізімі емес, турнир барысында ең көп әсер қалдырған, жарқын өнер көрсеткен және күтпеген жеңістерге жеткен боксшылардың жеке таңдауы.
"Бірінші орын үшін Төрехан мен Аль-Альмади арасында тартыс өте жоғары деңгейде өтті. Екеуі де турнир бойы керемет өнер көрсетті. Дегенмен финалдағы айрықша жекпе-жегіне байланысты мен Төреханға басымдық бердім. Ал Аль-Альмадидің Сачинге қарсы финалы шешуші күннің ең жарқын айқастарының бірі болды", – деп жазды Робинсон Instagram парақшасында.
Сондай-ақ ол 65 келіге дейінгі салмақта финалға шыға алмаған Унаидың жарыстан шығуына өкініш білдіріп, Алиевтің турнир бойы аса сенімді әрі жойқын бокс көрсеткенін атап өтті.
Рейтингте әйелдер боксындағы екі спортшы да жоғары бағаланды. Сарапшы олардың әр қарсыласына қарсы тамаша өнер көрсеткенін, ал Пунам мен Претидің финалы элиталық әйелдер боксының айқын үлгісі болғанын айтты.
Робинсон кейбір жанкүйерлердің Троубридждің Сабырханнан жоғары орналасуына күмәнмен қарауы мүмкін екенін де атап өтті. Алайда ол бұл таңдауды күтпеген нәтиже мен турнир барысында көрсеткен әсерлі жолымен түсіндірді.