Олимпиада чемпионы өзінің қолын Геннадий Головкин сындырғанын айтты (ВИДЕО)

Бүгін, 15:49 / Ахмет Қанатұлы
Erik Verduzco / Las Vegas Review-Journal. Суретте: Геннадий Головкин

Ресейлік боксшы, Олимпиада чемпионы Гайдарбек Гайдарбеков 2004 жылы Грекияның Афина қаласында өткен Олимпиада ойындарының финалында қазақстандық боксшы Геннадий Головкинмен өткізген жекпе-жегін еске алды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Гайдарбековтің айтуынша, финалдық айқасқа ол өте байыппен әрі сенімді күйде шыққан.

"Финалда Головкинге қарсы ерекше дайындықпен шықтым. Өзім де қайдан келгенін білмеймін, бірақ бойымда бір тыныштық болды. Екінші орын алуым мүмкін деген ой мүлде болмады. Бұл мені одан сайын жігерлендірді. Алғашқы екі раундты сабырмен өткіздім. Жаттықтырушым алдыңғы қолмен жұмыс істеуді, асықпауды тапсырды. Барлығын айтқанындай орындадым. Екінші раундтан кейін оның шаршай бастағанын байқадым. Ол клинчке жиі кіріп, көп ұстай бастады", – дейді ол.

Боксшы үшінші раундта қарсыласының алдыңғы қолы төмен түскен сәтті аңғарып, дәл соққылар жасай бастағанын айтады.

"Сол сәтті пайдаланып, бірнеше рет дөп тигіздім. Үшінші раундта тіпті оң қолымды сындырып алдым. Қолыммен соққы жасап, маңдайына дәл тиді. Жекпе-жектің аяқталуына он секундтай қалғанда қолым сынғанын анық сездім, көзімнен ұшқын шыққандай болды. Бірақ алда соңғы раунд бар еді. Ол кезде төрт раунд бокстасатынбыз, әрқайсысы екі минуттан. Соңғы Олимпиадам, соңғы раунд екенін түсініп, барымды салдым. Аямай соққы жасай бердім", – деп еске алады Гайдарбеков.

Оның сөзінше, жекпе-жек физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық жағынан да өте ауыр болған. Соған қарамастан, ол рингтегі жағдайды толық бақылауда ұстай алған.

Еске салайық, Геннадий Головкин әуесқой бокста 2004 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, сондай-ақ 2003 жылы Бангкокта өткен әлем чемпионатының алтын жүлдегері атанған.

Бұған дейін Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков World Boxing ұйымының президенті Геннадий Головкин келісімшарт бойынша тағы бір жекпе-жек өткізуі мүмкін екенін айтқан еді.

Тэгтер:

чемпион финал Олимпиада Геннадий Головкин Гайдарбек Гайдарбеков