Жәнібекте допинг, Шавкат пен Асуда жарақат: 2026 жылы жолы болмаған қазақ спортшылары

Жәнібекте допинг, Шавкат пен Асуда жарақат: 2026 жылы жолы болмаған қазақ спортшылары

фото: sportinside.kz коллажы

2026 жыл басталғалы бері қазақ жанкүйерлері үшін жағымсыз жаңалықтар легі толастар емес. Кеше ғана Шавкат Рахмоновтың кезекті операциясы туралы хабарды енді қорыта бастаған едік, бүгін тағы бір топ файтер – Асу Алмабаев жарақат алып, жарыс жолынан уақытша шеттеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Ал кәсіпқой бокста Қазақстанның үміті саналатын Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына байланысты мансабындағы ең күрделі кезеңге тап болып отыр. Осылайша, 2026 жылдың алғашқы апталарында-ақ UFC-де өнер көрсететін екі үздік файтер мен елдің ең мықты боксшысы ұзақ уақытқа жарыссыз қалуы мүмкін.

Алмабаевтың чемпиондық жолы үзіліп қалды

Асу Алмабаев UFC-дің ең жеңіл салмақ дәрежесінде чемпиондық белбеуге бұрын-соңды болмағандай жақындап қалған еді. Егер ол 1 наурыз күні Мехикода бұрынғы UFC чемпионы Брэндон Мореноны жеңсе, қазіргі чемпион Джошуа Ванмен титулдық жекпе-жекке шығуға нақты мүмкіндік алар еді.

Алайда жоспардың бәрін бір сәтте күтпеген жағдай өзгертті. "Зульфикар" лақап атымен танымал Асу Алмабаев Мексикаға ұшардан екі күн бұрын қарапайым спарринг кезінде қолын сындырып алған. Қалпына келу мерзімі әзірге белгісіз, бірақ бұл жарақаттың екі-үш айда жазыла қоймайтыны анық.

Ендігі басты сұрақ – Асу жарақаттан кейін бірден ТОП-5 деңгейіндегі қарсылас таба ала ма? Егер оған қолы жетсе, чемпиондық бәсекеге қайта қосылуы мүмкін. Бірақ қазіргі жағдайда Алмабаевтың 2026 жылы UFC белбеуі үшін айқасуы өте күмәнді сценарий болып отыр.

Рахмонов үшін жағдай одан да күрделі

Шавкат Рахмоновтың жағдайы тіпті ауыр. Белгілі болғандай, "Номад" бұрын операция жасалған сол жақ тізесін қайта жарақаттап, тағы да хирургиялық отадан өткен. Бұл дегеніміз – 2026 жылы біз Шавкат Рахмоновты октагонда мүлде көрмейміз.

Мұнымен де шектелмеді. UFC жаңартылған рейтингінде жартылай орта салмақта Шавкат ТОП-15 қатарынан шығып қалды. Ұзақ үзілісті ескерсек, бұл шешім күтпеген жағдай емес.

Кейбір сарапшылар Рахмонов октагонға жеңіспен оралған соң рейтингке қайта қосылады деп болжайды. Алайда оның бұрынғы екінші орынға бірден оралуы екіталай. Оның үстіне салмақтағы өзге үміткерлер қазақстандық файтердің бір ғана жеңіспен ТОП-5 қатарына қайта кіруіне қарсы болуы мүмкін.

Бұл Рахмонов үшін чемпиондық жолды басынан бастауға тура келетінін білдіреді. Яғни кемінде 2-3 мықты қарсыласты жеңуі қажет. Файтердің бұған уақыты мен мотивациясы жете ме – әзірге белгісіз.

Жәнібек Әлімханұлы үшін ең ауыр соққы

Ал қазақстандық кәсіпқой бокстың көшбасшысы Жәнібек Әлімханұлының жағдайы тіпті күрделі. WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы саналатын боксшының В допинг-сынамасы ашылып, мельдонийге оң нәтиже көрсеткені ресми түрде расталды.

Бұл дегеніміз – Жәнібек Әлімханұлына дисквалификациядан құтылу мүмкін емес. Енді басты мәселе – жаза мерзімінің қаншалықты ұзақ болатыны. Бір жылдан аз уақытқа шеттетілу ықтималдығы өте төмен. Егер дисквалификация ұзаққа созылса, Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық белбеулерінен айырылуы әбден мүмкін.

Оған қоса, промоутері Боб Арумның боксшыны әрі қарай қолдай ма, жоқ па – бұл да белгісіз. Командасы мен боксшының өзі оптимизм танытқанымен, бұған дейінгі Михаил Мудрик ісі (мельдоний дауы) мұндай үмітке күмән тудырады.

Егер Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық атақтарынан айырылса, оған да мансабын нөлден бастауға тура келеді. Бірақ бұл жолы 1-2 жекпе-жекпен шектелу мүмкін емес. Әсіресе 2025 жылдың соңында ол үш чемпиондық белбеуді қатар иеленуге жақын болғанын ескерсек, жағдайдың қаншалықты өкінішті екенін түсінуге болады. Бір кездері ол орта салмақта Қазақстан боксының аңызы Геннадий Головкинның жетістігін қайталауға бір қадам қалған еді.