Күні кеше чемпион атанған Елена Рыбакина ел асыға күткен қуанышты жаңалығын жария етті

Күні кеше чемпион атанған Елена Рыбакина ел асыға күткен қуанышты жаңалығын жария етті

фото: Christopher Pike/Getty Images. Суретте: Елена Рыбакина

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина WTA жаңартылған рейтингінде екі сатыға көтеріліп, ресми түрде әлемнің үшінші ракеткасы атанды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Бұл табысқа ол Australian Open турниріндегі жеңісінен кейін қол жеткізді. Үлкен дулыға додасындағы триумф Рыбакинаға 2000 рейтингтік ұпай сыйлап, жалпы қоржынын 7610 ұпайға жеткізді. Нәтижесінде қазақстандық спортшы рейтингтің екінші орнындағы Польшаның көшбасшы теннисшісі Ига Швёнтектен бар-жоғы 368 ұпайға ғана қалып отыр.

Ал финалда жеңіліс тапқанына қарамастан, Беларусь өкілі Арина Соболенко WTA рейтингіндегі әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесін сақтап қалды.

Сондай-ақ Қазақстанның тағы бір теннисшісі Юлия Путинцева рейтингте айтарлықтай серпіліс жасады. Ол бірден 24 сатыға жоғарылап, қазір 70-орынға жайғасты. Путинцеваның еншісінде 909 ұпай бар.

Айта кетейік, Australian Open финалында Соболенконы тізе бүктірген матч Рыбакина үшін топ-10 құрамындағы қарсыластарға қарсы қатарынан оныншы жеңіс болды. Бұған қоса, ол жеке сында Уимблдон-2022 турнирінен кейінгі екінші Grand Slam титулын, ал жалпы мансабындағы 12-ші чемпиондығын еншіледі.