Танымал блогер Зарина Сапар өзінің басынан өткен ауыр отбасылық жағдайды бүкпесіз айтып, жұртшылықты елең еткізді. Ол Жанерке Сейфуллина жүргізетін подкастқа берген сұхбатында бұрынғы жары – журналист Айдос Игіліковтен көрген қорлық пен зомбылықты ашық баяндады.
Заринаның айтуынша, олар алғаш рет «Қалаулым» бағдарламасынан кейін танысып, кейін Айдос оны алып қашқан. Алайда бұл некенің артында зорлық-зомбылық, қорлық пен қорқынышқа толы күндер тұрғанын блогер алғаш рет ашық айтты.
«Айдос маған жиі қол көтеретін. Жай ғана ұрып қоймайтын, адам көрмейтін жерден, естен танғанша сабайтын. Бірде ауылда екі шақырым жол бойында ұрды. Құлағаным есімде, көзімді ашсам бетіме қар жағып жатыр екен», – дейді Зарина көзіне жас алып.
Ең ауыр сәттердің бірі ретінде бұрынғы күйеуінің үйіне барғандағы жағдайды еске алады.
«Қайын атам жақсы адам еді, бірақ сол күні ол да көмектесе алмады. Айдос мені үйге сабап әкелді. Қабырғаға қылқындырып көтеріп тұрды. “Қой!” деген әкесіне “Араласпаңыз” деп зекіді. Сол түні қайын енем мен атам кешірім сұрап жылады, бірақ мен анама хабарласып, кететінімді айттым», – дейді ол.
Сондай-ақ, Зарина оның телефонын сындырып тастай бергенін, анасына қайын сіңлісінің телефоны арқылы хабарласқанын да айтып өтті.