фото: ашық дереккөзден. Суреттен: Мөлдір Жаңбырбай
Каратэден қазақ спортында тарихта қалған тұңғыш әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай жанкүйерлерімен көпшілік біле бермейтін ерекше оқиғасын бөлісті. Спортшы 2025 жылы өткен Дүниежүзілік ойындар кезінде жүкті бола тұра татамиге шығып, финалға дейін жетіп, күміс медаль жеңіп алған, деп хабарлайды Sportinside.kz тілшісі Sportbugin.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Айтуынша, ол өзінің аяғы ауыр екенін жарысқа аттанар сәтте ғана білген.
"Каратэден өтетін әлемдік жарыстар саны көп емес. Сондықтан, екі жылда бір рет өтетін Дүниежүзілік ойындарды асыға күттім. Өзім жеңіл салмақта сынға түсетін болғасын, маған салмақ тастау әсте қиын емес. Бірақ сол доданың алдында салмақ түсіру қиындап кетті. Қанша тырыссам да, өзіме керекті салмаққа жете алмай, пұшайман болдым. Тек турнирдің алдында ғана жүкті екенімді білдім. Бұл мен күтпеген жаңалық еді. Күйеуіммен ақылдаса келе, жарысқа барамын деп шештім", – дейді Мөлдір.
Спортшы бұл жайды тек командалас құрбыларына ғана айтып, бапкерлер штабына білдірмеген.
"Әрине, ағайларға айтқаным жоқ. Жүктіліктің алғашқы айы болғандықтан, Қытайдың тамағын жеу мүлдем қиынға соқты. Командалас қыздармен ақылдасып, жарыста өте сақ боламын деп шештім. Яғни, өзім шабуылға бармай, қорғаныста жүруді көздедім. Сол тактикамен финалға дейін жеттім. Қорғана жүріп, сәті түскенде шабуылдап отырдым. Ал ақтық сындағы ирандық қарсыласым болса, көп ашылмай, менің шабуылымды күтті. Егер қарсыласқа соққы жасайтын болсам, өзімнің де қорғанысы сыр берер еді. Өзіме соққы өткізбеу үшін тәуекелге бармадым. Сол кездесу тең аяқталғанымен, төрешілер белсенділік жөнінен ирандыққа жеңісті берді. Осылайша, күмісті еншіледім", – дейді спортшы.
Жарыс аяқталған соң ғана бапкерлер Мөлдірдің жүкті күйде жекпе-жек өткізгенін білген.
"Ағайларым мұндайды мүлде күткен жоқ. Алдымен менің мұндай тәуекелге не үшін барғаныма ренжіді. Содан соң, биылғы маусымда әлем чемпионаты, Азия ойындары бар екенін біле тұра, сәби көтергеніме аздап таң қалды. Енді бұл Алланың сыйы ғой. Өзім де екі дүркін әлем чемпионы атансам, Азия ойындарының алтынын алсам деп армандап жүргенмін. Бірақ спорттағы ең ірі жеңістеріме мен декреттен оралған соң жетіппін. Тұңғышым Мединаны босанған соң әлем чемпионы атандым. Сондықтан, екі дүркін чемпион атанудан әлі де үміттімін. Әзірге, басты міндетім – сәбиімді аман-есен дүниеге әкелу", – дейді Мөлдір Жаңбырбай.
Айта кетейік, Мөлдір Жаңбырбай – каратэден әлем чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері және Токио-2020 Олимпиадасы қатысушысы.