фото: Cooper Neill/Zuffa LLC via Getty Images. Суретте: Шавкат Рахмонов
Қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмонов жарақатына байланысты ресми мәлімдеме жасап, тағы бір операция жасатқанын растады, деп Sportinside.kz тілшісі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Спортшының айтуынша, кәсіби жауынгер жолы ешқашан жеңіл болмайды және әр арманның өз бағасы бар.
"Жауынгердің жолы әрдайым сынаққа толы. Өмір бізге еңсере алмайтын қиындық бермейді. Әрбір мақсаттың өз құны бар, кейде ол денсаулық болуы мүмкін. Шындықты жасырудың қажеті жоқ – жарақатқа байланысты тағы бір операция жасатуыма тура келді. Енді толықтай қалпыма келу үшін уақыт қажет. Соған байланысты октагонға оралуым кейінге шегерілді. Мұны қабылдау оңай емес. Бірақ әрбір қиындық – үлкен жолдың бір бөлігі. Мен бұрынғыдан да мықты, тәжірибелі болып қайта ораламын. Жеңіске деген жігерім одан сайын арта түсті. Мақсатым өзгерген жоқ. UFC белдігі Қазақстанға келуі керек. Қандай жағдайда да қолдау көрсетіп жүрген жандарға алғысым шексіз. Бұл – соңғы нүкте емес, тек маңызды кезең", – деп жазды ол X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Еске сала кетейік, бұған дейін танымал спорт журналисі Ариэль Хельвани Шавкат Рахмоновтың менеджері Дэнни Рубинштейнмен сөйлескенін айтып, қазақстандық файтердің тізе жарақатына байланысты шамамен 9-10 айға октагоннан тыс қалатынын хабарлаған болатын.
Айта кетейік, Алматыда өткен Naiza 80 турнирінде "Номад" балдақпен жүргені көпшіліктің назарын аударған еді.
Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсан айында өткізген.
Бұған дейін қазақ файтері Шавкат Рахмонов тізесінен қайта жарақат алып, ота жасатқанын жазған едік.