20 жылдан астам түрмеде отырған Головкиннің бұрынғы бапкері беделді қызметке тағайындалды

20 жылдан астам түрмеде отырған Головкиннің бұрынғы бапкері беделді қызметке тағайындалды

фото: Erick W. Rasco/Sports Illustrated via Getty Images. Суретте: Геннадий Головкин

Асқар Құлыбаевқа жасалған қастандық ісі бойынша ұзақ жыл түрмеде отырған Геннадий Головкиннің бұрынғы жаттықтырушысы Серік Қалиев Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Жаңа тағайындау жөнінде Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының басшысы Рақымжан Ерденбеков мәлімдеді. Оның айтуынша, Геннадий Головкинді және Қарағанды өңірінен шыққан бірқатар боксшыларды дайындаған Серік Қалиев енді федерация президентінің стратегиялық мәселелер жөніндегі кеңесшісі ретінде жұмыс істейді.

"Оның мол кәсіби тәжірибесі, стратегиялық ойлау қабілеті және спорт жүйесін терең білуі Қазақстандағы кәсіпқой бокстың дамуына елеулі үлес қоса алады", – деп жазды Ерденбеков.

Айта кетейік, 2004 жылғы 12 мамырда Алматы қаласының орталығында жарылыс болып, тергеу бұл оқиғаны сол кездегі Қазақстанның әуесқой бокс федерациясының президенті Асқар Құлыбаевқа жасалған қастандық ретінде бағалаған. Сот барысында қылмысқа тапсырыс беруші ретінде ҚӘБФ басшысының орынбасары Серік Қалиев танылып, ол 25 жылға бас бостандығынан айырылды.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері жазасының негізгі бөлігін Степногорск, Атбасар және Алматы облысындағы түзеу мекемелерінде өтеген. Серік Қалиев 2025 жылдың тамыз айында бостандыққа шыққан.