"Тұтқындаймыз, қайда екенін білеміз": Атыраулық ерлі-зайыптыны өлтірген күдіктінің қайда екені мәлім болды

"Тұтқындаймыз, қайда екенін білеміз": Атыраулық ерлі-зайыптыны өлтірген күдіктінің қайда екені мәлім болды

фото: politico.kz коллажы

Атырау облысының полициясы кісі өлтіру ісі бойынша күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның жұбайы Ақбаянның Қазақстан аумағынан Өзбекстан арқылы шығып кеткенін мәлімдеді.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Ақбаян қазіргі таңда із-түзсіз жоғалған адам ретінде ресми түрде іздестіріліп жатыр. Ал негізгі күдікті саналатын Сұлтан Сәрсемәлиев халықаралық «қызыл деңгейдегі» іздеу тізіміне енгізілген. Бұл мәртебе оның қай елде жүргеніне қарамастан, шекарадан өтуге талпыныс жасаған сәтте, әуе немесе теміржол көлігіне мінгенде, сондай-ақ қоғамдық орында анықталған жағдайда бірден ұсталуы тиіс екенін білдіреді.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер Қазақстаннан Өзбекстан арқылы шығып, кейін бірнеше шет мемлекет аумағында байқалған.

"Біз олардың қазіргі орналасқан жерінен хабардармыз. Қазір халықаралық құқықтық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Жақын уақытта ұсталады деп күтілуде", – деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары Ақбаянның денсаулығында белгілі бір мәселелер бар екенін растады. Алайда ол заң жүзінде әрекетке қабілетсіз деп танылмаған және бірінші топтағы мүгедектікке қатысты сот шешімі де шығарылмаған.

Айта кетейік, аталған қылмыстық іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, жұртшылықтың назарында қалып отыр.

Admin
Admin
Автор