Ораза-2026: Рамазан айы қашан басталады және Ораза айт қай күні өтеді?

Ораза-2026: Рамазан айы қашан басталады және Ораза айт қай күні өтеді?

фото: depositphotos.com

Қазақстан мұсылмандары үшін қасиетті Рамазан айы 2026 жылы 19 ақпанда басталады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жариялаған ресми діни күндер күнтізбесінде көрсетілген.

Осы күннен бастап мұсылмандар ораза ұстап, рухани тазару кезеңіне қадам басады. 2026 жылы Рамазан айы 19 ақпаннан 20 наурызға дейін жалғасып, Ораза айт мерекесімен аяқталады.

Рамазан айының мәні неде?

Рамазан – ислам күнтізбесіндегі тоғызыншы ай. Бұл кезеңде мұсылмандар таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тыйылып, сабыр мен тақуалықты арттыруға мән береді. Оразаның мақсаты тек аш жүру емес, ең алдымен рухани тазару, өзін-өзі тәрбиелеу, жаман әдеттерден арылу.

Бұл айда мұсылмандар:

  • намаз бен Құран оқуды көбейтеді;
  • садақа беріп, мұқтаж жандарға көмектеседі;
  • сабыр, кешірім, мейірімділікке ерекше көңіл бөледі.

2026 жылғы негізгі діни күндер

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің мәліметінше, 2026 жылы маңызды діни күндер мына уақыттарға сәйкес келеді:

  • Рамазан айының басталуы (Ораза) – 19 ақпан 2026 жыл
  • Қадір түні (Ләйләтул-Қадр) – 16 наурыздан 17 наурызға қараған түн
  • Ораза айт – 20 наурыз 2026 жыл
  • Құрбан айт – 27–29 мамыр 2026 жыл
  • Миғраж түні – 16 қаңтардан 17 қаңтарға қараған түн
  • Бараат түні – 2 ақпаннан 3 ақпанға қараған түн

Айта кету керек, ислам күнтізбесі ай фазасына негізделгендіктен, мерекелердің нақты күні жаңа айдың көрінуіне байланысты бір күнге алға немесе артқа жылжуы мүмкін.

Ораза қалай ұсталады?

Күнделікті ораза:

  • таң намазына дейінгі сәресімен (суһур) басталады;
  • күн батқан соң ауызашармен (ифтар) аяқталады.

Әр қала мен өңірде ауыз бекіту және ауыз ашу уақыты географиялық ерекшелікке байланысты әртүрлі болғандықтан, жергілікті мешіттер жариялайтын кестені басшылыққа алған жөн.

Admin
Admin
Автор