Жақында ғана қызметін ауыстырған Бақыт Сәрсекбаев ел күтпеген шұғыл мәлімдеме жасады

Жақында ғана қызметін ауыстырған Бақыт Сәрсекбаев ел күтпеген шұғыл мәлімдеме жасады

фото: sportinside.kz коллажы

Олимпиада чемпионы, Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері Бақыт Сәрсекбаев ерлер құрамасындағы бас бапкердің ауысуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

"Құттықтап жатқан баршаңызға рақмет! Маған артылған сенімді ақтауға тырысамын. Іссапарда жүрсем де, журналистер дамыл бермейді: бірі мен туралы бір сөз айтады, екіншісі басқа әңгіме қозғайды, соған не дейсің деп сұрайды. Әркімнің өз ойы, өз пікірін айтуға құқығы бар екенін қайта-қайта айтудан шаршадым. Мен бәріне бірдей ұнайтын адам емеспін. Достар, өтірік, өсек-аяң мен негізсіз қауесеттердің таралуына жол бермейік. Үлкен жауапкершілік жүктелген бауырымыз Нұржанды ренжітпейік, оған кедергі келтірмей, керісінше қолдайық. Ал ағамыз Қайратқа мықты денсаулық тілейік.
Бүгін "Енді Насановтың орнын Сәрсекбаев басады" деген әңгімелерге нүкте қойғым келеді. Бас бапкерді ауыстыру – ойыншық емес, бұл өте маңызды стратегиялық шешім. Өткен жыл қазақ боксы үшін оңай болған жоқ. Егер Қайрат ағамыздың денсаулығына қатысты мәселелер шын мәнінде болмағанда, федерация басшылығы нәтиже көрсеткен бапкерді Азиада қарсаңында орнынан алмас еді. Қазір Олимпиадаға дейін екі жыл уақыт бар, осы кезеңде ешқандай ауыс-түйіс болмайды. Мен Насановтың орнын көздеп отырған жоқпын. Маған сеніп тапсырылған жастар құрамасымен нәтижелі жұмыс істегім келеді.
Қазақстан боксының қай сатысында жүрсем де, тағдырыма ризамын. Бокс – менің өмірім. Мен үшін ең бастысы – қазақ боксына қызмет ету. Нұржан Насанов – өте білікті маман. Ол ұлттық құрамада ұзақ жылдан бері еңбек етіп келеді, әр боксшыны жақсы таниды. Алда әлі талай нәтижелер көрсететініне сенемін және оған сәттілік тілеймін! Осы сәттен бастап боксты басқарып отырған азаматтарды бір-біріне қарсы қоймайық. Сұрайтыным осы", – деп жазды Сәрсекбаев Instagram парақшасында.

Айта кетейік, 10 қаңтар күні Қазақстан боксы құрамасында күтпеген кадрлық өзгерістер болды. Бас бапкер Қайрат Сәтжанов денсаулығына байланысты қызметінен кетіп, оның орнына Нұржан Насанов тағайындалды. Кейін Сәтжановтың қызы Еңлік Сәтжанова мәлімдеме жасап, әкесінің денсаулығында мәселе жоқ екенін айтып, құрама басшылығын сынаған еді.

Сондай-ақ, Насановтың тағайындалған күні Бақыт Сәрсекбаев Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері қызметіне кіріскенін де атап өткен жөн.