фото: sportinside.kz коллажы
Бокстан Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері, Сидней Олимпиадасында төрт бірдей қазақстандық боксшыны финалға шығарған Тұрсынғали Еділов отандық бокстағы соңғы кадрлық өзгерістерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Еділовтың айтуынша, ұлттық құраманың жаңа бас бапкері Нұржан Насанов – өз ісін жақсы меңгерген, тәжірибесі бар маман.
"Нұржан Насановты танимын. Жұмысын білетін жігіт, тәжірибесі жеткілікті. Сондықтан команданы алып кете алады деп ойлаймын", – деді ол.
Ал бұрынғы бас бапкер Қайрат Сәтжановтың қызметтен алынуына қатысты Еділов бұл шешімді адамгершілік тұрғыдан дұрыс емес деп бағалады.
"Бірақ бізде әділет бар ма? Жоқ. Олимпиададан екі алтын, екі күміс медаль әкелген менің де басымнан осындай жағдай өткен. Сондықтан бұл маған таңсық емес", – деді ол.
Сондай-ақ Еділов жастар құрамасына Бақыт Сәрсекбаевтың келуіне де тоқталды. Оның айтуынша, алдағы екі жылда Сәрсекбаевтың ұлттық құрамаға шақырылуы әбден мүмкін.
"Екі жылдан кейін, Олимпиададан соң, оны ұлттық құрамаға тартуы ғажап емес. Бапкерлік әлеуетіне нақты баға бере алмаймын, бірақ Олимпиада чемпионы деген атағы бар", – деді ол.
Айта кетейік, 10 қаңтар күні бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері ауысып, Қайрат Сәтжановтың орнына Нұржан Насанов тағайындалған болатын.