фото: SN.kz
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Астанада өткен брифинг барысында әлеуметтік желіде тарап кеткен "некесіз баласы бар" деген мәлімдемеге қатысты өз жауабын берді.
Журналист тарапынан қойылған сауалда экс-депутат Ынташ Наурызованың Қилыбайдан ұлы бар екенін айтып, алимент төлемей жүргенін мәлімдегені сөз болды. Бұл сұрақты қою кезінде брифинг модераторы бөгет жасауға тырысқанымен, әкімнен нақты жауап алу мүмкін болды.
Шенеунік бұл сұраққа былай жауап берді:
"Жадыра, достарыңыз бар ма? Осындай жеке сұрақтарды соларға қойған дұрыс деп есептеймін. Жеке шекара деген түсінік бар. Әлеуметтік желіде не жазылмайды, не айтылмайды – бәрі шындыққа жанаса бермейді. Бір ақпаратпен келісем, бірімен келіспеймін, кейбірін жоққа шығарамын. Сондықтан, бұл секілді жекелеген мәселелерді жеке ортада көтерген жөн", – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Айта кетейік, бұған дейін Ынташ Наурызова есімді әйел адам өзінің Нұрдәулет Қилыбайдан ұл тапқанын және ол баланың заң жүзінде танылмағанын мәлімдеп, жұртшылық назарын аударған еді.