"Негізі мен жеңдім": Санатәлі Төлтаев әлем чемпионатында өзбекстандық Олимпиада чемпионына қарсы жекпе-жегі туралы айтты (ВИДЕО)

"Негізі мен жеңдім": Санатәлі Төлтаев әлем чемпионатында өзбекстандық Олимпиада чемпионына қарсы жекпе-жегі туралы айтты (ВИДЕО)

фото: sports.kz

Қазақ боксшысы Санатәлі Төлтаев өткен жылдың желтоқсан айында өткен IBA әлем чемпионатындағы өз жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді. Ол 2024 жылғы Олимпиада чемпионы, өзбек Асадхуджа Муйдинхуджаевпен болған айқас туралы айтты, деп хабарлайды Sportinside.kz.

– Санатәлі, Дубайдағы Асадхуджамен жекпе-жегіңіз әлі күнге дейін әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Сол кезде пікір айтуға мүмкіндік болмады, қазір қалай бағалайсыз?
– Әлем чемпионаты аяқталды, әрине, өкініш бар. Бапкерлердің де, өзімнің де ойымша, мен жеңіске лайық болдым. Бірінші раундты ұттым, екінші раундта да айқын басымдық таныттым. Үшінші раундта екі раундтан кейін алда келе жатқан соң, қарсыласымды нокаутқа жіберуге тырыстым. Бұл – менің қателігім болды. Соның салдарынан үшінші раундта жеңіліп қалдым. Жалпы есепте 2:1. Өз есебімше, мен бұл жекпе-жекте жеңдім деп санаймын.
– Раундтар бойынша ма?
– Иә, раундтар бойынша.
– Көп адам солай көрді. Жалпы бапкерлер есепті қалай айтады, жұмсартып жеткізе ме?
– Жоқ, мен бапкерлерден есепті тура, қалай бар – солай айтуды өзім сұраймын.
– Бұл сізге психологиялық тұрғыда әсер етпеді ме?
– Мүлде әсер еткен жоқ. Мұнда жасыратын ештеңе жоқ. Рингке шыққанда-ақ жекпе-жек барысы мен төрешілердің шешімін ішкі түйсігіңмен сезесің.

Айта кетейік, бұл жекпе-жек IBA World Boxing Championships турнирінің жартылай финалына жолдама үшін өткен еді. 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен үш раундтың қорытындысы бойынша Асадхуджа Муйдинхуджаев төрешілердің шешімімен (4:1) жеңіске жеткен еді. Турнир Дубай қаласында өткен.