фото: ашық дереккөзден
Тайландта демалыста жүрген француз футболшысы Алексис Вергос селфи жасамақ болған сәтінде қайғылы жағдайда қаза тапты, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Қайғылы оқиға Тайландтағы Самуи аралында, Намуанг-2 сарқырамасы маңында болған. Мәліметке сәйкес, футболшы сарқыраманың көрінісін суретке түсіріп тұрған кезде аяғы тайып кетіп, бірнеше метр биіктіктен төменге құлаған. Құлау барысында ол басын қатты соғып алған.
Алдын ала жүргізілген сот-медициналық сараптама нәтижесі Алексис Вергостың бас сүйегінен алған ауыр жарақат салдарынан көз жұмғанын көрсетті. Марқұм небәрі 22 жаста болған.
Басылым дерегінше, құтқару қызметі футболшының денесін судан алып шығып, сарқыраманың етегіне жеткізген. Сол сәтте оның қалыңдығы Романа да құлап кете жаздаған, алайда ағаш бұтағынан ұстап қалып, аман қалған.
Алексис Вергос бұған дейін Францияның Бретань лигасында өнер көрсететін Кемпер Эрге-Армель клубының намысын қорғаған. Қайғылы жағдай футбол әлемінде үлкен өкінішпен қабылданды.
