"Допингке сынама Америкада ашылды": Жәнібек Әлімханұлының менеджері шұғыл мәлімдеме жасады

"Допингке сынама Америкада ашылды": Жәнібек Әлімханұлының менеджері шұғыл мәлімдеме жасады

фото: ашық дереккөзден

Орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанған қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауына байланысты оның менеджері Берік Сұлтан ресми түсініктеме берді, деп Sportinside.kz тілшісі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

8 қаңтардан 9 қаңтарға қараған түні Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков спортшының B допинг сынамасының ашылғанын хабарлаған болатын. Бұл ақпаратты кейіннен Жәнібек Әлімханұлының менеджері де растады.

Берік Сұлтанның айтуынша, процедура АҚШ аумағында халықаралық талаптарға толық сәйкес өткен.

"Екінші сынама бүгін Америкада ашылды. Барлығы талапқа сай өтті. Біздің команда өкілдері пломбалардың ашылуына тікелей қатысты. Процестің заңды, ашық өткенін растады. Қазір сынама зертханаға жөнелтілді. Енді ресми қорытындыны күтіп отырмыз. Нәтиженің қашан дайын болатыны нақты айтылған жоқ", – деді Берік Сұлтан.

Менеджер Жәнібек Әлімханұлының командасы спортшының адал әрі таза өнер көрсететініне толық сенімді екенін атап өтті.

"Жанкүйерлер Жәнібектің тыйым салынған препараттарды қолданбайтынына сенеді. Өзіміз де таза спортты насихаттаймыз. Көптеген жас боксшылар Жәнібекті үлгі тұтады. Ол – кәсіби спорттың не екенін жақсы білетін, жеті жылдан бері кәсіпқой рингте жүрген чемпион. Қандай дәрумен қабылдап, қайсысын қабылдауға болмайтынын нақты біледі", – деді ол.

Оның айтуынша, команда бұған дейін де допинг қолданбаған және бұл ұстанымынан алдағы уақытта да айнымайды.

"Біз не ішуге болады, не ішуге болмайтынын жақсы білеміз. Бұрын да қолданған жоқпыз, қазір де, алдағы уақытта да қолданбаймыз", – деп түйіндеді менеджер.

Еске сала кетейік, желтоқсан айының басында Жәнібек Әлімханұлының A допинг сынамасынан тыйым салынған зат анықталды деген ақпарат тараған еді. Соның салдарынан оның WBA чемпионы Эрисланди Ларамен жоспарланған жекпе-жегі өтпей қалды. Осыдан кейін боксшының командасы регламентке сай B сынамасын ашуды талап еткен болатын.