Атыраудағы жоғалып кеткен отбасыға қатысты тың дерек шықты

Атыраудағы жоғалып кеткен отбасыға қатысты тың дерек шықты

фото: Arasha.kz коллажы

Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында орын алған ауыр қылмысқа байланысты тергеу амалдары әлі де жалғасып жатыр. Ерлі-зайыптының қаза табуы мен отбасының тағы екі мүшесінің хабар-ошарсыз кетуі жұртшылықты алаңдатып отыр. Мәйіттер табылғаннан кейін тергеу марқұмдардың күйеу баласына қатысты нұсқаны тексеруге көшкенімен, ресми органдар бұл іс бойынша әзірге толық ақпарат таратқан жоқ, деп хабарлайды Arasha.kz.

Резонанс тудырған оқиғаға байланысты соңғы мәліметтерді "Ақ Жайық" басылымы жария етті. Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті ерлі-зайыптыларды қасақана өлтіріп, кейін қылмыстың ізін жасыруға тырысқан болуы мүмкін. Марқұмдардың денелері үй ауласындағы шаруашылық мақсаттағы құрылыстан табылған.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Мирамгүлдің мәйіті Геолог шағын ауданындағы септиктен табылды деген ақпарат тарағанымен, бұл дерек расталған жоқ. Полиция аталған аумақта тінту жұмыстарын жүргізіп, тергеу үшін маңызды бірқатар заттарды тәркіледі.

Сонымен қатар, Наурыздың ұялы телефоны Өзбекстан аумағында сигнал бергені ресми түрде нақтыланды. Алдын ала болжам бойынша, одан кейінгі қозғалыс бағыты Малайзия арқылы Индонезияға жалғасуы мүмкін.

Қазіргі уақытта жедел-іздестіру және тергеу шаралары тоқтаған жоқ. 

Admin
Admin
Автор