"Маған аса қызық емес": Еркебұлан Тоқтар Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновке жауап берді

7 қаңтар, 2026 / Ахмет Қанатұлы
alyp.soq

Қазақстандық поп-ММА өкілі Еркебұлан Тоқтар Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов өзіне қатысты айтқан пікіріне жауап берді, деп Sportinside.kz тілшісі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Еркебұлан Тоқтардың айтуынша, ол Олимпиада чемпионымен бокстың классикалық ережелері бойынша жекпе-жек өткізуге дайын. Дегенмен бұл кездесудің спорттық емес, коммерциялық сипатта болатынымен келісетінін жасырмады.

Бұған дейін Данияр Елеусінов Тоқтармен ықтимал жекпе-жектің спорттық құндылығы жоқ екенін, алайда коммерциялық тұрғыдан қызық болуы мүмкін екенін айтқан еді. Бұл пікірге Тоқтар да қарсы емес екенін жеткізді.

"Иә, Даниярдың айтқанымен келісемін. Бұл жекпе-жекте спорттық мән жоқ, бірақ коммерциялық қызығушылық бар. Олимпиада чемпионымен бір рингке шығу – мен үшін үлкен мәртебе", – деді ол.

Файтердің айтуынша, Елеусіновтің деңгейін жақсы түсінеді.

"Спорттық жағынан маған да аса қызық емес. Ал коммерциялық тұрғыдан жақсы табыс табуға болады. Бір-екі раунд шыдап беруге шамам жетеді. Ол мені күліп жүріп ұрады. Иә, таяқ жеймін. Бірақ ақша табамын", – деп ашық айтты Еркебұлан Тоқтар.

Айта кетейік, қазіргі таңда Еркебұлан Тоқтардың келесі қарсыласы мен жекпе-жек өтетін нақты уақыт ресми түрде жарияланған жоқ. Бұған дейін сәуір айында оның ресейлік танымал ММА-блогер Артём Тарасовпен кездесуі мүмкін екені хабарланған болатын.

Тэгтер:

Бокс Данияр Елеусінов Еркебұлан Тоқтар