Қаралы хабар! Елге танымал қазақ футболшысы әрі білікті бапкер өмірден өтті (ФОТО)

Қаралы хабар! Елге танымал қазақ футболшысы әрі білікті бапкер өмірден өтті (ФОТО)

фото: ашық дереккөзден

Қазақ футболының ардагері, тәжірибелі ойыншы әрі бапкер Марат Есмұратов 65 жасында дүниеден өтті. Қаралы хабарды Қазақстан футбол федерациясы мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Федерация марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына және барша футбол қауымдастығына қайғыра көңіл айтты.

Марат Жалғасұлы Есмұратов – отандық футболдың дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғалардың бірі. Ол Қазақстан ұлттық құрамасының сапында жеті рет алаңға шыққан. Кәсіби футболшы ретіндегі еңбек жолында «Мелиоратор», «Машук», «Қайрат», СКИФ-«Ордабасы», «Актюбинец», «Мұнайшы» клубтарында өнер көрсетіп, 2001 жылы туған клубы – «Қайсар» сапында ойыншылық мансабын аяқтады. Қазақстан Премьер-лигасында жалпы саны 265 матч өткізіп, 6 гол соққан.

Бапкерлік қызметте де Марат Есмұратов бірқатар командаларда еңбек етті. Ол «Қайсар», «Ақ Бұлақ», БЖМОРСМ №2, «БТА Футзал» МФК, «Жетісу» және «Алтай» клубтарында жұмыс істеп, жас ойыншылардың қалыптасуына үлес қосты.

Қазақстан футбол федерациясы қазақ футболының дамуына бар ғұмырын арнаған Марат Жалғасұлының есімі әрдайым құрметпен аталатынын атап өтті. Оның өнегелі өмір жолы мен еңбегі ел жадында мәңгі сақталмақ. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.