Енді бәрі тексеріледі: Геннадий Головкин боксшыларға жаңа қатаң ереже енгізді

Енді бәрі тексеріледі: Геннадий Головкин боксшыларға жаңа қатаң ереже енгізді

фото: olympic.kz. Суретте: Геннадий Головкин

Халықаралық World Boxing федерациясы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ерлер санатындағы боксшылар үшін гендерлік тестілеуді ресми түрде енгізді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Федерацияның ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, жаңа талап World Boxing өткізетін немесе санкциялайтын барлық жарыста қолданылады. Енді 18 жасқа толған және аталған турнирлерге қатысуды жоспарлаған барлық спортшы өмірінде бір рет ПЦР-тестілеуден немесе соған теңестірілген медициналық-генетикалық тексеруден өтуі тиіс. Бұл тексеру спортшының туған кездегі жынысын және жарысқа қатысу құқығын айқындау үшін жүргізіледі.

Айта кетейік, әйел боксшыларға арналған міндетті гендерлік тестілеу 2025 жылдың тамызында, Ливерпульде өткен әлем чемпионаты қарсаңында енгізілген болатын. Бұл шешім 2024 жылғы Париж Олимпиадасы кезінде туындаған даулармен байланысты қабылданды. Сол кезде алжирлік Иман Хелиф пен тайваньдық Линь Юйтинь бәсекелестік талаптарын бұзды деген күдікке ілініп, олардың тестостерон деңгейінің жоғары екені айтылған еді.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың қарашасында World Boxing федерациясының президенті болып аты аңызға айналған қазақстандық боксшы Геннадий Головкин сайланған.