фото: ашық дереккөзден
60 жасқа қараған шағында кеңестік және тәжікстандық футболшы, кейін білікті бапкер ретінде танылған Мухсин Мухаммадиев дүниеден өтті. Оның қайтыс болғаны туралы ақпаратты Тәжікстан футбол федерациясы ресми түрде хабарлап, марқұмның ұзаққа созылған ауыр дерттен көз жұмғанын мәлімдеді, деп жазады Sportinside.kz.
Федерация өкілдері:
"Мухсин Мухаммадиев тәжік футболының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ол жанкүйерлердің, әріптестерінің және шәкірттерінің жадында мәңгі сақталады", – деп атап өтті.
Мухсин Мухаммадиев футболдағы алғашқы үлкен танымалдыққа Душанбенің Памир клубының шабуылшысы ретінде ие болды. Алаңдағы шеберлігі мен шабуылдағы өткірлігі Мәскеу командаларының назарын аударып, ол кейін "Спартак Москва" мен "Локомотив Москва" сапында өнер көрсетті. Оның ойыны техникалық сауаттылығымен, батыл шешімдерімен және жоқ жерден голдық мүмкіндік жасай білуімен ерекшеленді. Дәл осы қасиеттері үшін ол сол кезеңдегі жанкүйерлердің жадында ерекше сақталды.
Ойыншы ретіндегі мансабын аяқтаған соң, Мухаммадиев бапкерлік жолды таңдады. Ол Тәжікстан ұлттық құрамасын жаттықтырып, жас футболшылардың қалыптасуына және елде футболдың кеңінен дамуына зор үлес қосты.
Сонымен қатар, шетелдік тәжірибе де жинақтады. 2015-2016 жылдары Қазақстанның Шымкент қаласындағы "Ордабасы" клубын басқарды. Бұл кезеңде ол мол тәжірибесі мен футболдық түйсігін пайдаланып, команданың Премьер-лигада тұрақты нәтиже көрсетуіне ықпал етті.
