Қазақтың шахматшы қызы Бибісара Асаубаева үш дүркін әлем чемпионы атанды

Қазақтың шахматшы қызы Бибісара Асаубаева үш дүркін әлем чемпионы атанды

фото: Anna Shtourman / FIDE. Суретте: Бибісара Асаубаева

Қазақтың шахматшы қызы Бибісара Асаубаева 2025 жылғы блиц бойынша әлем чемпионатында жеңіске жетті. Бұл – жылдам шахматтың бір түрі, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Финалда қазақстандық спортшы украиналық Анна Музычукпен кездесті. Алғашқы үш партия тең аяқталып, шешуші төртінші партияда Бибісара Асаубаева қарсыласын жеңіп, чемпион атанды.

Турнир Катар астанасы Доха қаласында өтті. Асаубаева алдымен 15 турдан тұратын швейцариялық жүйе бойынша өткен кезеңде бірінші орын алып, жартылай финалға жолдама алды.

Жартылай финалда қазақстандық шахматшы қытайлық Чжу Цзиньэрге қарсы ойнап, үш партияның барлығында жеңіске жетті.

Ал финалда Анна Музычукпен өткен тартысты кездесуде Бибісара шешуші партияда басым түсіп, алтын медальді иеленді.

Осылайша, Бибісара Асаубаева Қазақстан тарихында блиц бойынша үш мәрте әлем чемпионы атанған алғашқы шахматшы болды. Ол бұған дейін 2021 және 2022 жылдары да әлем чемпионатында жеңіске жеткен еді.