фото: sportinside.kz коллажы
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшыларының бірі, екі дүркін әлем чемпионы Махмұд Сабырхан әлеуметтік желіде қазақстандық жанкүйерлерге арнап әсерлі үндеу жариялады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Спортшы жыл қорытындысын шығарып, 2025 жылдың өзі үшін де, отбасы үшін де, ел спорты үшін де айрықша мәнге ие болғанын атап өтті. Оның айтуынша, інісі Төрехан Сабырханмен бірге әлем чемпионатында табысты өнер көрсетуі – қазақ боксының тарихында есте қаларлық белес.
Instagram парақшасындағы жазбасында Махмұд қажырлы еңбектің, табандылық пен сенімнің шешуші рөлін ерекше атап өтті:
"Әрбір дайындық – маңдай тер, әрбір тер – жеңіске бастайтын қадам. Қиын сәттер де, тоқтағым келген кездер де болды. Бірақ берілмедім. Өйткені спорт тек денені ғана емес, мінезді де шыңдайды. Алдағы жылы да ел сенімін ақтау үшін осы жолдан таймаймын. Бәрі Алланың қалауымен", – деді боксшы.
Айта кетейік, World Boxing ұйымы Махмұд Сабырханды 2025 жылдың үздік боксшысы деп таныды. Сонымен қатар жанкүйерлер оның филиппиндік **Аарон Джуд**қа қарсы жекпе-жегін жылдың ең үздік айқасы деп дауыс берген.