фото: Thinnapob / Getty Images
Қытайда инженер Ли жұмыс уақытында дәретханаға жиі әрі ұзақ шыққаны үшін қызметтен босатылып, бұл шешіммен келіспей, компанияны сотқа берді, деп хабарлайды South China Morning Post.
Сот барысында жұмыс беруші тарап бейнебақылау камераларындағы жазбаларды ұсынған. Онда қызметкердің бір ай ішінде дәретханаға 14 рет барғаны, әр үзілістің бір сағаттан асып отырғаны көрсетілген. Ең ұзақ үзіліс төрт сағатқа дейін созылған.
Ли мұндай жағдайдың денсаулығына байланысты болғанын айтып, геморрой дертімен ауырғанын алға тартты. Ол сөзін дәлелдеу үшін дәрі-дәрмекке арналған түбіртектер мен операцияға қатысты құжаттарды сотқа ұсынған.
Алайда тексеру кезінде бұл медициналық анықтамалардың қызметкер жұмыстан шығарылғаннан кейін рәсімделгені анықталды. Компания өкілдері Ли денсаулығына байланысты мәселелері барын алдын ала басшылыққа хабарлап, еңбек шартында көрсетілген тәртіп бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеуі тиіс болғанын айтты.
Сот қызметкердің дәретханада белгіленген нормадан тыс көп уақыт өткізгенін мойындағанымен, оның компания жұмысына қосқан үлесін ескеріп, жұмыс берушіні 30 мың юань (шамамен 2,2 млн теңге) көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеді.