фото: olympic.kz. Суретте: Махмұд Сабырхан
Қазақстан құрамасының мүшесі Махмұд Сабырхан 2025 жылдың қорытындысы бойынша World Boxing нұсқасымен "Жылдың үздік боксшысы" атанды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Халықаралық федерацияның Instagram парақшасында жарияланған мәліметке сәйкес, жанкүйерлер арасындағы дауыс беру ресми түрде аяқталып, жеңімпаздар анықталған. Үміткерлер арасындағы жеңіс әр номинанттың жазбасына қойылған лайк саны бойынша белгіленген.
Ерлер арасындағы бәсеке өте тартысты өткен: финалға шыққан бес боксшының төртеуі 150 мыңнан астам лайк жинаған. Алайда абсолютті жеңіс Махмұд Сабырханға бұйырды. Ол әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлерінен 323 мыңнан астам лайк жинап, айқын басымдықпен топ жарды.
World Boxing мәлімдемесінде Махмұд Сабырханның бокстан әлем чемпионы екені және 2025 жылы Астанада өткен бокстан Әлем кубогының жеңімпазы атанғаны да атап өтілді.
Айта кетейік, Махмұд Сабырхан – екі дүркін әлем чемпионы (Ташкент-2023, Ливерпуль-2025), сондай-ақ 2024 жылғы Азия чемпионы (Чиангмай).
Сонымен қатар World Boxing нұсқасы бойынша жылдың үздік боксшысы атағына үміткерлер қатарында өзбекстандық Жавохир Умматалиев пен Фазлиддин Эркинбоев те болған.