фото: Қазақстан бокс федерациясы. Суретте: Назым Қызайбай
Қазақстандық боксшы, үш дүркін әлем чемпионы әрі Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай спорттағы жолында естіген ең ауыр пікірін ашық айтты, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында Олимпиададағы қола медалін еске алып, сол жетістіктің артында қаншама еңбек, күмән мен ішкі күрес жатқанын жазды.
"Бұл суретке қараған сайын қандай жолдан өткенімді, қанша сынаққа төтеп бергенімді анық сезінемін. Бұл – жай ғана қола жүлде емес. Бұл – сенімсіздікке, ауыр сөздерге қарамастан алға жылжыған еңбектің нәтижесі. Жарыс алдында маған "сен тым кәрісің" дегендер көп болды. Ал арманым үшін қанша тер төккенімді ешкім білмейді", – деді Назым.
Ол мансабы барысында талай рет сын мен күмәнге тап болғанын жасырмады. Соған қарамастан, жүрегінің үніне сеніп, соңына дейін күрескенін айтады.
"Көп адам маған сенбеді. Бірақ мен өзіме сендім. Айналадағы сөздің бәріне мән берудің қажеті жоқ. Жүрегіңді тыңда. Сынаса да, кемсітсе де – өз жолыңнан тайма. Мен бәрін көремін, бәрін түсінемін. Мен тек өз ісімді атқарамын. Алла маған мұның бәрін бекер берген жоқ. Себебі мен ешкімге жамандық тілемеймін. Тек жақсылық ойлаймын – тіпті маған ауыр сөз айтқандарға да. Еңбек ет, сабыр сақта. Нәтиже бәрін өзі көрсетеді", – деп түйіндеді спортшы.