2025 жылдың 18 маусымында өткен баспасөз мәслихатында Miss Qazaqstan қоғамдық қорының директоры Айжан Рузаева еліміздің сұлулық байқауы жаңа дәуірге аяқ басқанын ресми түрде жариялады. Енді "Мисс Қазақстан" байқауына трансгендер тұлғалар мен plus-size санатындағы қыз-келіншектер де қатыса алады.
"Plus-size арулар қатыса алмайды дегенді кім айтты? Біз мұндай қатысушыларды қуана қарсы аламыз. Мейлі ол трансгендер болсын, мейлі plus-size болсын – бұл еркін таңдау. Егер адам өзін солай сезінсе, қатыса алады. Біз бәріне ашықпыз", – деді Рузаева.
Оның айтуынша, қазіргі таңда 90-60-90 секілді классикалық өлшемдер сән сахнасында өз маңызын жоғалтқан. Енді басты назар – адам харизмасы мен ішкі сұлулығында.
Байқау ерекшеліктері:
Финал 2025 жылдың 30 қарашасы, сағат 23:00-де Алматы метросындағы "Мұхтар Әуезов театры" станциясында өтеді.
Формат – жабық. Көрермендер тек шақырту арқылы ғана қатыса алады. Қатысушылар мен блогерлер, журналистер қатарынан шамамен 90 адам ғана болады.
Байқауды барша көрермен ресми онлайн трансляциялар арқылы көре алады.
Қоғам пікірі екіге жарылды
Жаңалық ел ішінде түрлі пікір тудырып отыр. Бірі – инклюзия мен тең мүмкіндікті қолдаса, енді бірі – дәстүрлі құндылықтарға сызат түсуі мүмкін деген алаңдаушылық білдіруде. Бірақ ұйымдастырушылар мұндай өзгеріс – уақыт талабы, ал сұлулықтың шекарасы жоқ екенін алға тартты.