Қазақстан алтын медаль саны бойынша Өзбекстанды артқа тастап, рекорд жасады

Қазақстан алтын медаль саны бойынша Өзбекстанды артқа тастап, рекорд жасады

фото: olympic.kz. Суретте: Төрехан Сабырхан

Қазақстан 2025 жылы жазғы Олимпиада бағдарламасына кіретін спорт түрлері бойынша рекорд жаңартты. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sportinside.kz.

2025 жылғы маусым қорытындысы бойынша қазақ спортшылары жазғы олимпиадалық спорт түрлерінен өткен әлем чемпионаттарында 32 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 14 алтын, 5 күміс және 13 қола бар. Бұл жетістіктер сегіз спорт түрінде тіркелді: садақ ату, оқ ату, семсерлесу, бокс, дзюдо, грек-рим күресі, еркін күрес және таеквондо.

Аталған көрсеткіш – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі ең жоғары нәтиже. Салыстыру үшін, бұған дейінгі рекорд 2023 жылы тіркелген: ол кезде ұлттық құрама 22 медаль (7 алтын, 5 күміс, 10 қола) олжалаған. Осылайша, 2025 жылы жүлделер саны 10 медальға артты, ал алтын медаль саны екі есеге көбейді.

Қазақстанның алтын жүлделер қорына ең үлкен үлесті бокс қосты. Ливерпульде World Boxing ұйымының қолдауымен өткен әлем чемпионатында ұлттық құрама 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, турнирдің жалпы медальдық есебінде бірінші орынға шықты.

2025 жылғы әлем чемпионаттарының қорытындысы бойынша Азия елдері арасында медальдық есепте:

  • Қытай – 42 алтын, барлығы 120 медаль (1-орын);
  • Жапония – 22 алтын, 67 медаль (2-орын);
  • Оңтүстік Корея – 14 алтын, 46 медаль (3-орын).

Ал Қазақстан 14 алтын және жалпы 32 медальмен Азияда төртінші орынға жайғасты. Қазақстан бұл көрсеткішпен басты бәсекелестері – Өзбекстан, КХДР және Иранды артта қалдырды. Бағалауда негізгі өлшем ретінде алтын медаль саны алынған.