фото: ашық дереккөзден
Генерал Амангелді Шабдарбаев Abay Live YouTube арнасына берген сұхбатында марқұм Заманбек Нұрқаділов туралы естеліктерімен бөлісті. Оның сөзінше, Нұрқаділовтің өз-өзіне қол жұмсады деген ресми нұсқаға сену оңай емес, деп хабарлайды kznews.kz.
Амангелді Шабдарбаевтың айтуынша, ол бір кезеңде әнші Мақпал Жүнісовамен кездесіп, Заманбек Нұрқаділов туралы ашық әңгімелескен. Дегенмен генерал марқұмның қазасын тексеру жұмыстарына тікелей қатыспағанын да ерекше атап өтті.
"Мақпал Жүнісовамен кездестім. Екеуміз жақсылап тұрып әңгімелестік. Ол кісі де біраз әңгімесін айтты. Мен де Заманбек туралы жақсы айттым. Бірақ уақыт келеді деп айттым. Бірақ мен деп айтқан жоқпын, себебі оны Ішкі істер министрлігі қарады. Мен Заманбектің өлімін тексеріп, барған жоқпын. "Өз-өзін үш рет махаббат үшін атпас еді" деп айттым. Сондықтан ол өз-өзін атқан жоқ", – деді ол.
Сұхбат барысында Амангелді Шабдарбаев бір кезеңде Заманбек Нұрқаділов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың арақатынасы өте жақын болғанын еске салды. Генералдың айтуынша, сол тұста Назарбаев Заманбекке айрықша сенім білдіріп, "жақсылығыңды ұмытпаймын" деп уәде еткен. Осы сенімге иланған Нұрқаділов кейін уақыт өте келе жеке өмірінде де, мінез-құлқында да белгілі бір өзгерістерге барғаны байқалғанын атап өтті.
"Алдында екеуі (Назарбаев пен Нұрқаділов – еск.) қатты дос болды. ... Мына кісі (Назарбаев – еск.) Заманбекке "сенің жақсылығыңды ұмытпаймын" дегендей айтты. Соған Заманбек қатты сенді. Содан кейін кішкене арақ ішті. Мақпалға үйленді. Сондай жасай бастағанда, елдің бәрі Назарбаевқа "мынаны бүйту керек, сүйту керек" деді. Сонда марқұм Терещенко екеуі (Терещенко мен Нұрқаділов – еск.) сөзге келіп қалыпты. "Мені телефоннан Заманбек боқтады" деп Терещенко жүгіріп келді. Президент Заманбекке "неге боқтайсың" деді. Сонда Заманбек "мен боқтаған жоқпын" депті. Сөйтіп бұл (Назарбаев – еск.) Терещенко жағын қолдады да, Заманбекке тиісті. Сөйтіп, сөзден сөз шығып, екеуінің арасы жаман болып кетті. Ол кезде Мақпалдың да кесірі тиді. Айта береді ғой. "Сенен Назарбаев қорқады, сені пайдаланды" деген сөздер шығар. Ана кісі сөзінде тұрмаған ба, Заманбек қатты-қатты сөйлей бастады. Оны кім өлтіргені белгісіз, мен де білмеймін", – деді генерал.