фото: Қазақстан бокс федерациясы. Суретте: Сабыржан Аққалықов
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Сабыржан Аққалықов әлеуметтік желіде жаңа жазба жариялады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Дубайда өткен IBA әлем чемпионатының күміс жүлдегері жаттығу залында жүрген бейнежазбасын бөлісті. Видеода Сабыржан Аққалықовтың күштік жаттығу жасап жатқаны көрінеді: ол штангамен жұмыс жасап, кейіннен арқанмен жүргізілген жоғары қарқынды дайындыққа кіріседі. Кадрлардан боксшының бар күшін салып, әлем чемпионаты финалындағы күтпеген жеңілістен кейін ерекше жігерленіп жүргенін аңғаруға болады.
Әлем чемпионатында 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финалда Сабыржан Аққалықов рингке ресейлік боксшы Исмаил Муцольговқа қарсы шыққан еді. Жекпе-жекке дейін қазақ боксшысы фаворит саналғанымен, бұл кездесуде ресейлік спортшы төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, IBA ұйымдастырған әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. Ел қоржынында үш алтын, бір күміс және екі қола медаль бар.